Түркістандық спортшылар Азия ойындарында 5 медаль жеңді

0
80

Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы 93 медальмен үздік үштікті түйіндеді.


Түркістандық спортшылар Азия ойындарында 5 медаль жеңді

Бахрейнде жасөспірімдер арасындағы ІІІ Азия ойындары өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


26-30 қазан күндері Бахрейнде жасөспірімдер арасындағы ІІІ Азия ойындары өтті. Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы 93 медальмен үздік үштікті түйіндеді. Жасөспірімдер құрамасы сапында өнер көрсеткен түркістандық спортшылар ел намысын абыроймен қорғап, жоғары нәтижеге қол жеткізді.


Бокстан Нұрмахан Жұмағали (50 кг) қарсыластарынан басым түсіп, Азия ойындарының чемпионы атанса, Мырсабит Арман (46 кг) күміс жүлдені қанжығасына байлады. Ал еркін күрес сайысында Асанбек Бекасыл (60 кг) алтын медаль иегері атанып, Наров Нұртай (71 кг) пен Ағабек Бақдаулет (45 кг) қола жүлдені еншіледі.


Осылайша Түркістан облысының спортшылары құрлық додасынан 2 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды.


Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Түркістандағы халықаралық әуежайда Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров бастаған делегация, бапкерлер, туыстары мен жанкүйерлері салтанатты түрде қарсы алды.


Айта кетейік, алтын мен күміс иеленген жас боксшылар Нұрмахан Жұмағали мен Мырсабит Арман – Түркістан облыстық №2 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері. Ал еркін күрестен жеңімпаз және жүлдегер атанған балуандар – облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің шәкірттері.


Сондай-ақ жерлестеріміздің жоғары нәтиже көрсетуіне облыстық олимпиада резервін даярлау орталығы да сүбелі үлес қосты. Бұл жеңіс – Қазақ спортының абыройын асқақтатқан зор жетістік. Жас спортшылардың табысы алдағы халықаралық додаларда ел намысын лайықты қорғауға деген сенімді нығайта түсті.

Бөлісу