ЕҢБЕК АДАМЫ: Қарапайым қызметкерлер де мемлекеттің ахуалын арттыруға үлес қосып жүр

0
207

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев біршама уақыт бұрын 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаған болатын.


ЕҢБЕК АДАМЫ: Қарапайым қызметкерлер де мемлекеттің ахуалын арттыруға үлес қосып жүр

Биыл еліміздің он өңірінде су апаты орын алып, төтенше жағдай жарияланғаны барлығының есінде болар. Ресми мәлімдемелерге сүйенсек, бұл соңғы сексен жылдықтағы ауқымы жағынан ең үлкен апат болып тіркелді. Сала мамандарының сөзіне сүйенсек, бұл жағдайға нөсер жаңбыр, қардың көп жаууы, мұздың жылдам еруі, су апатының алдын алуға арналған инфрақұрылымның тозуы сынды факторлар себеп болды. Сәйкесінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев апаттың алдын алу шараларын дер кезінде қабылдамаған Үкімет басшысының орынбасары мен Су ресурстары және ирригация министріне, сонымен бірге бірқатар өңірдің әкіміне сөгіс жасап, ескерту де берді. Ал мемлекет тарапынан су апатынан зардап көрген азаматтарға материалдық көмек көрсетіліп, жаңа баспаналар салынды.


Сондай-ақ, су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға жан-жақтан гуманитарлық көмек көрсетілді. Атап өтсек, «Каспий.кз» банкі мен «Біргеміз» қоры бірлесіп сексен млн. теңге жинаса, «Каспий.кз» одан кейін көмекті 200 млн. теңгеге көбейтіп, кейіннен тағы жарты миллиар теңге бөлген. «Қазақстан халқына» қоры бес миллиард теңге бөлетіні мәлім болса, еліміздегі екінші деңгейлі банктер су апатынан зиын шеккендердің несие төлеу мерзімін шегерді. «Freedom» компаниясы бір миллиард теңге, «Jusan Bank» 300 миллион теңге, «Halyk Bank» пен «Халық» 1,5 миллиард теңгеге жуық, «Қазақмыс» және «KAZ Minerals» 800 миллион теңге, «Астана Моторс» 500 миллион теңге, «Болат Өтемұратов қоры» 680 миллион теңге, «BI Group» құрылыс компаниясы 500 миллион теңге, «PTC Holding» мекемесі 150 миллион теңге, «Еуразиялық банк» 200 миллион теңге, «Теңізшевройл» екі миллиард теңге, «Қазақстандық коммуналдық жүйелер» 300 миллион теңге, «Самұрық-Қазына» қоры 15 миллиард теңге, «ЦентрКредит» банкі 5,5 миллиард теңге, «Allur» компаниясы 3 миллиард теңге бөлген. Одан бөлек ірі кәсіпкерлер: Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе 20 миллиард, Ғалымжан Есенов 6,7 миллиард, Нұрлан Смағұлов 6,1 миллиард, Тимур жән Динара Құлыбаевтар 1 миллиард теңге көлемінде қаржылай көмек көрсеткен. Сонымен қатар, Әзербайжан мемлекеті, Германияның Ғылым және білім министрлігі, Еуропалық одақ, Қырғызстанның Министрлер кабинеті, Қытайдың шығысындағы Ляньюньган порты, көршілес Өзбекстан Республикасы, Сербия мемлекеті, Тәжікстан, Түркия елі, Ұлыбритания мемлекеті, ЮНИСЕФ ұйымы сынды тараптардан еліміздің әртүрлі өңіріне гуманитарлық және қаржылай қолдаулар жеткізілді. Еліміздегі облыс қалалар тарапынан да гуманитарлық көмектер көрсетіліп, еріктілердің ұйымдастыруымен жүк көліктеріне тиелген тонна-тонна заттар апат аймақтарына жеткізілді.


Одан бөлек, су тасқыны орын алған аймақтарда бірнеше ай бойы қона жатып, ауыр техникалармен қызмет көрсеткен тұлғаларды да атап өтуіміз қажет. Мәселен, солардың бірі – Шымкент қаласындағы «КДСМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкері Нарзілдай Бибарыс. Ол аталмыш компанияда эксковатр жүргізушісі қызметін атқарады. Су тасқыны орын алған мезетте-ақ ЖШС техникасын пойызға тиеп, Орал қаласына көмекке барған.


- Менің аты жөнім – Нарзілдай Бибарыс Ерболатұлы. 1998 жылы 7 шілдеде Шымкент қаласында дүниеге келгенмін. 2005-2013 жылдар аралығында Шымкент қаласы, Қазығұрт мөлтек ауданындағы №66 орта мектебінде білім алдым. 2014 жылдың қыркүйек айында Шымкент қаласы білім басқармасының «Политехникалық колледжі» МКҚК-ға оқуға түсіп, 2018 жылы аталған колледждің «Бағдарламашы» мамандығын тәмамдадым. 2019 жылы Алматы қаласындағы 78460 әскери бөлімінде әсери борышымды атқардым. 2020 жылы әскери міндетімді өткеріп, туған жерге оралдым. Қазір бойдақпын. Бірнеше жылдан бері Шымкент қаласындағы «КДСМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс компаниясында экскаватор-жүк көтергіш техникасының жүргізушісі болып жұмыс істеп жүрмін. Биылғы су тасқыны орын алған кезеңде Орал қаласына компанияның атынан көмекке бардым. Бірнеше ай бойы төтенше жағдай орын алған өңірде жұмыс істеп, зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсете алдым деп ойлаймын. Отандастарға қол ұшын созу – Қазақстанда өмір сүретін әрбір азаматтың парызы деп ойлаймын. Елге пайдаңды тигізу үшін міндетті түрде лауазымды қызмет атқарудың керегі жоқ. Қарапайым еңбек адамдары да мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік ахуалын арттыруға сүбелі үлес қоса алады, - дейді эксковатор жүргізушісі Бибарыс Ерболатұлы.


Атап өтетін тағы бір жайт, «25 қазан – Республика күні» қарсаңында Шымкент қаласында мерекелік іс-шара өткен болатын. Сол жиында кәсіби қызметтерін мүлтіксіз орындап, азаматтық қоғамның игілігі үшін аянбай қызмет жасаған бірнеше азаматқа мемлекеттік награда, Алғыс хаттар мен Грамоталар табысталды. Олардың арасында дәл осы шымкенттік Бибарыс Ерболатұлы да болып, нағыз еңбек адамы ретінде Мемлекет басшысының марапаты – «Шапағат» ордені табысталды.


– Бұл марапат мен үшін және менің әріптестерім, нағыз еңбек адамдары үшін зор мәртебе. Сонымен қатар, маған тәрбие беріп, бойыма адалдық пен адамдық қасиеттерді сіңірген ата-анам үшін мақтаныш. Бұл орден маған шабыт сыйлап, өз жұмысыма деген ынтаны арттырады деп ойлаймын. Соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еңбек адамдарына айрықша көңіл бөлініп жатқандығы көңілге қуаныш сыйлайды. Тіпті, Президентіміз келесі 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, түрлі салада қызмет атқарып жүрген азаматтарға ерекше қуаныш пен үміт сыйлады. Алдағы күндерден мол жақсылық күтеміз. Сондай-ақ, елімізде бұдан кейін биылғыдай тосын апат орын алмаса екен деп тілеймін. Ел аман, жұрт тыныш болсын. Біз туған жерге қызмет етуге әрдайым әзірміз!, - дейді еңбек адамы.


Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев біршама уақыт бұрын 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаған болатын. Бұл бастама техникалық және кәсіби білім беру саласына серіпн беру мақсатында қабылданды. Сәйкесінше, осы мерзімде қоғамда нағыз еңбекқор маман болу үрдісі кеңінен насихатталмақ.

Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ