Еңбек министрлігі Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген қазақстандықтарға ескерту жасады

0
145

Асқарбек Ертаев заңсыз жүрген азаматтардың осал жағдайда болатынын және елден шығарылып, қайта кіруге тыйым салынуы мүмкін екенін атап өтті.


Еңбек министрлігі Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген қазақстандықтарға ескерту жасады

Сурет: Zakon.kz/Оксана Даирова

ERNUR.KZ. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев 2025 жылғы 9 қазанда Сенат кулуарында Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген қазақстандықтарға қатысты түсініктеме берді, деп жазады zakon.kz.

Асқарбек Ертаев заңсыз жүрген азаматтардың осал жағдайда болатынын және елден шығарылып, қайта кіруге тыйым салынуы мүмкін екенін атап өтті.

"Оңтүстік Кореяның көші-қон заңнамасын сақтаған дұрыс. Егер адам заңсыз жұмыс істеп жүрсе, біздің ұсыным: ол Кореядан шығып, Қазақстанда келісім аясында оқудан өтіп, кейін сол елде ресми түрде жұмысқа орналасуы қажет", – деді ол.

Оның айтуынша, елден шығуға ешқандай кедергі жоқ.

"Тек кету кезінде азаматтың заңсыз жүргені тіркеледі. Бұл мәлімет базаға енгізіледі. Яғни, ол Қазақстан азаматы заңсыз жүрген тұлға ретінде белгіленеді. Бірақ шығуға шектеу жоқ", – деді вице-министр.

Журналистердің сұрағына жауап бере отырып, Ертаев Оңтүстік Корея билігі осы деректерді пайдаланып, мұндай азаматтарға елге кіруге тыйым салуы мүмкін бе деген сауалға түсініктеме берді.

"Қазір мұндай жағдай тіркелген жоқ, бұл – келіссөз арқылы шешілетін мәселе. Егер шектеу қойылатын болса және оның себебі бұрынғы заңсыз болу фактісі болса, онда біздің министрліктер Оңтүстік Корея тарапымен келіссөз жүргізіп, азаматтың енді заңды негізде, қажетті мамандық бойынша жұмыс істейтінін хабарлайды", – деді Ертаев.

Сонымен қатар, оның айтуынша, заңды түрде жұмыс істейтін қазақстандықтар заңсыз жүргендерге қарағанда әлдеқайда көп табыс таба алады.

"Легалды жұмыс істейтін азаматпен еңбек шарты жасалады. Ол бойынша көлікпен қамтамасыз ету, медициналық қызмет көрсету, сақтандыру және басқа да әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Бұған қоса, жалақысы да әлдеқайда жоғары. Сондықтан заңды жолмен жұмыс істеу әлдеқайда тиімді", – деп түйіндеді вице-министр.

Айта кетейік, 2025 жылғы 10 қыркүйекте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Қазақстан азаматтарының Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін құжаттың әлі ратификацияланбау себебін түсіндірген болатын.