Аталған шара пациенттермен бірге келетін адамдардың медициналық персоналға қол жұмсап, зиян келтіретін жағдайлардың жиілеуіне байланысты қабылданған.
Фото: Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасы
ERNUR.KZ. Астана қаласының алты стационарында медицина жұмыскерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тәулік бойы қызмет көрсететін күзет бекеттері ұйымдастырылды. Бұл туралы Қалалық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, күзетті ІІМ жүйесіне кіретін Полиция департаменті жанындағы мамандандырылған күзет қызметінің мамандары қамтамасыз етеді.
– Медицина жұмыскерлерін құқықтық тұрғыдан қорғауды күшейту және қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау мақсатында Полиция департаментімен бірлесіп тәулік бойы күзет бекеттері ұйымдастырылды. Полиция қызметкерлері оқыс оқиғалар жиі болатын қабылдау бөлмелерінде кезекшілік қызметін атқаратын болады. Азаматтардың құқыққа қайшы келетін әрекеттері туындаған жағдайда полиция қызметкерлері олардың алдын алу үшін заң аясында әрекет етуге құқылы. Соңғы кездері дәрігерлерге қатысты негізсіз сипаттағы агрессиялық жағдайлар жиы болады. Дәрігер ауыр жарақат алған Қостанай облысындағы соңғы резонанстық жағдай осындай шаралардың қажеттілігін растайды, – деп атап өтті Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қадыр Жарасбаев.
Бүгінде күзет бекеттері ересектерге арналған үш қалалық көпсалалы ауруханада, №2 қалалық балалар ауруханасында және екі республикалық клиникада ұйымдастырылды.
Жақын арада Полиция департаментімен бірлесіп №1 және №3 көпсалалы балалар ауруханаларында, сондай-ақ қалалық перинаталдық орталықта күзет бекеттерін орнату мәселесі пысықталып жатыр.
Медицина жұмыскерлері аталған бастаманы қолдап, оның қауіпсіз және тұрақты жұмыс ортасын құруға ықпал ететінін атап өтті.
– Қауіпсіздік бекеттері – біздің іс жүзінде қорғалғанымыздың белгісі. Қабылдау бөлімінде тәулігіне түрлі жарақаттары бар, әртүрлі жағдайды басынан өткерген 400-ге жуық адам жүгінеді. Біз пациенттердің ғана емес, сонымен қатар олардың туыстарының да агрессиясына тап боламыз. Барлығы шұғыл көмекті қажет етеді, ал медициналық көмек Triage сұрыптау жүйесі бойынша жүзеге асырылатыны ескерілмейді. Әр пациенттің өзіндік "басымдық дәрежесі" бар. Бірақ, өкінішке орай, дәрігерге деген құрмет жоқ, – деді №2 көпсалалы қалалық аурухананың Қабылдау бөлімінің меңгерушісі Мәдина Табылдықызы.