Қазір Бас прокуратура Ішкі істер министрлігімен бірге және өзге де құқық қорғау органдарымен бірлесіп қылмыстық-процессуалдық кодекске өзгертулер дайындап жатыр.
ERNUR.KZ. ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев адам зорлау қылмыстарына қатысты пікір білдірді, деп жазады ҚазАқпарат.
«Адам зорлау қылмысы бізде заңнамалық тұрғыда жан-жақты ескерілген. Арнайы баптың бірінші, екінші, үшінші бөлімі бар. Топтық зорлау жеке қарастырылған. Оның жазасы да қатал. Дегенмен, әр жағдайды жеке алып қарау керек. Мен адам зорлау өте ауыр қылмыс деп санаймын. Мұндайда зәбір көрушінің азамат ретінде де, әйел ретінде де конституциялық құқығы тапталады. Біреудің жеке еркіндігіне қол сұғу арқылы ар-мен ұжданы қорланады. Сондықтан, бұл ауыр қылмыс, оның жазасы да ауыр болуы тиіс», - деді министр елордада өткен азаматтарды қабылдау шарасынан кейін.
Ол БАҚ өкілдеріне қылмыстық-процессуалдық кодекске енуі мүмкін өзгертулер мен толықтырулар туралы да айтты.
«Қазір Бас прокуратура Ішкі істер министрлігімен бірге және өзге де құқық қорғау органдарымен бірлесіп қылмыстық-процессуалдық кодекске өзгертулер дайындап жатыр. Оның ішінде түзету мекемелеріне қатыстысы да бар. Түрмедегі азаптау оқиғалары естеріңізде болар, қылмыстық атқару жүйесіне жүргізіліп жатқан реформаны қайта құрылымдайтын боламыз. Қолданыстағы Қылмыстық-атқару кодексіне 60-тан астам өзгерту ұсындық. Осының бәрі ІІМ бұйрығымен емес, заңмен реттелетін болады. Ұсыныстардың бәрі Бас прокуратураға жолданды. Ол жерден Парламентке түсіп, талқыланады», - деді Ерлан Тұрғымбаев.