“Ешқандай таныс ықпал ете алмайды“ - вице-министр Қызылордадағы жантүршігерлік жол апаты туралы

0
86

Жан түршігерлік жол-көлік оқиғасы наурыз соңында болған еді.


“Ешқандай таныс ықпал ете алмайды“ - вице-министр Қызылордадағы жантүршігерлік жол апаты туралы

Әлеуметтік желілердегі фото

ERNUR.KZ. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Қызылордадағы қоғамдық резонанс тудырған жол-көлік оқиғасына қатысты тергеу туралы айтты. Апат салдарынан жүргізушілердің бірінің басы жұлынып кеткен, деп жазады tengrinews.kz.

Мәжіліс кулуарында журналистер Әділовтен өліммен аяқталған жол апаты биыл наурызда болғанына қарамастан, оған кінәлі деп танылған адам неліктен әлі күнге дейін үйқамақта отырғанын сұрады. Бұл ретте қаза тапқан адамның туыстары әлеуметтік желілерде күдіктінің құқық қорғау органдарында таныс-тамырлары болуы мүмкін екенін айтып жатыр.

Министр орынбасарының мәлімдеуінше, жол апаты дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.

"Құқық қорғау немесе кез келген мемлекеттік органдағы таныс-тамырлар тергеу барысына ешқандай ықпал ете алмайды. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Ал бұлтартпау шарасына келетін болсақ, бұл - соттың шешімі, мен оған түсініктеме бере алмаймын", - деп жауап берді Санжар Әділов.

Еске сала кетейік, жан түршігерлік жол-көлік оқиғасы наурыз соңында болған еді. Тәуелсіздік пен Әлісов көшелерінің қиылысында үш автокөлік соқтығысқан. Апат салдарынан ВАЗ-2104 көлігінің жүргізушісі оқиға орнында көз жұмған.

Қаза тапқан адамның әпкесі жол апатына кінәлі деп танылған адам бостандықта жүргенін айтып, тергеудің әділ жүргізілуін талап еткен болатын.