Есірткі заттарын саудалаған 1200-ден аса сайт бұғатталды

0
977

Бұл туралы арнайы баспасөз мәслихатында Нұр-Сұлтан қалалық ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің басшысы Сергей Ильяных хабарлады.


Есірткі заттарын саудалаған 1200-ден аса сайт бұғатталды

ERNUR.KZ. Биыл есірткі заттарын саудалаған сайттарға қатысты 82 іс қозғалған, деп жазады egemen.kz.

Оның ішінде 50 деректе, құрықталған тұлғалар есірткі саудасымен айналысқаны мәлім болды. Тәртіп сақшылары, әсіресе синтетикалық есірткі заттарының таралуына тоқтау болмай тұр­ғанын айтады. Мәселен, ағым­дағы жылы заңсыз бизнесті кә­сіп еткен қылмыстық топтың ісі әш­кереленді. Анықталғандай, ұстал­ғандар саудалаған өнімнің кірі­сін Qiwi әмиянға аудартып отырған.

– Арнайы операция Қазақ­стан бойынша жүргізілді. Қыл­мыскерлердің сыбайластары Шымкент, Алматы және Қара­ғандыда қолға түсті. Шұғыл операция барысында мыңнан аса психобелсенді заттар, сондай-ақ тағы 200 грамм мөлшерінде қауіпті дәрі тәркіленді. Би­ыл­ғы жартыжылдықта астанада есірткіні сақтау мен пай­далануға қатысты 209 факті анықталды. Демек, бұл күн сайы­н бір адамның қылмыстық жауап­кершілікке тартылатынын білдіреді. Психобелсенді зат­тарды пайдалану бойынша 8 дерек тіркелсе, есірткіні сақтау мен өткізуге байланысты 136 іс әшкереленді, – дейді Сергей Ильяных.

Сол секілді құқық қорғау­шылар интернет ресурстарын ұдайы бақылауда ұстап отыр­ғандарын жеткізді. Арнайы мони­торингтің нәтижесінде 2018 жылдан бастап бүгінге дейін есірткі заттарын жарнамалап әрі оның саудасын қыздырған сайттардың жұмысы тоқтатылған екен.

– Былтыр қыркүйек айынан бастап осы уақытқа дейін 1200-ден аса интернет сайттың есірткі бизнесімен айналысқанын анықтадық. Тиісті мәлімет Ақпарат және қоғамдық даму минис­трлігіне жолданды. Ғалам­торда сайт ашу аса қиынға соқ­пайды. Бұған қоса осыған қатысты алаяқтық әрекеттерді де жоққа шығармаймыз. Қыл­мыскер есірткіге тәуелді азаматтың жағдайын пайдаланып, ақшаны интернет-банкингке аудартқызып, клиенттерін сан соқтыруы да мүмкін, – дейді қалалық ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің басшысы.

Десе де сарапшылар елде қауіпті затқа байланғандардың қарасы біртіндеп азайғанын алға тартты. Нарколог дәрігер Тоқтар Қойшыбеков, қазір есірткіге тә­уелді қазақстандықтардың ұзын саны 20 мыңның, ал алкогольді ішімдіктен құтыла алмай жүр­гендер 100 мыңның айналасында екенін атап өтті.