Рейстің екі сағат кешігуі Алматы әуежайындағы жоғары жүктемеге байланысты болған.
Фото: inbusiness.kz
ERNUR.KZ. Мұның соңы жанжалға ұласып, кейбір жолаушы полиция бөлімшесіне жеткізілді, деп жазады inbusiness.kz.
Оқиға 1 маусым күні FlyArystan әуе компаниясының Алматы – Шымкент бағытындағы рейсте туындаған. Компания №7107 рейсті орындауға дайын тұрған ұшаққа қосымша жанармай құю қажет болғанын хабарлайды.
Десе де, рейстің ұзақ уақыт бойы ұшпауына жолаушылардың бірі себеп болған көрінеді. Компанияның баспасөз қызметі ол азаматтың сапардан бас тартып, өзін деструктивті түрде ұстағанын мәлімдейді. Соның салдарынан ұшақ екі сағаттан аса уақыт кідіріп, барлық жолаушы борттан шығарылған. Сосын ғана қауіпсіздік шаралары қайта өткізілген.
– Авиациялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес, жолаушының барлығы ұшақтан түсірілді, содан кейін әуе кемесіне толық тексеру жүргізілді. Күтіп тұрған жолаушыларға су және тамақ ваучерлері ұсынылды. FlyArystan компаниясы үшін қауіпсіздік – басты басымдық. Барлық белгіленген ереже қатаң сақталады, – делінген ресми хабарламада.
Рейс соңында шамамен сағат 18:00-де ұшқан.
Еске салайық, осыған дейін FlyArystan әуе компаниясы Астана – Шымкент рейсінің кешігуіне байланысты түсініктеме берген болатын.