Бұл нормалар студенттердің жағдайын жақсарту үшін қабылданып отыр.
ERNUR.KZ. Бұл туралы аппарат жиналысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп жазады baq.kz.
"10 жылдың ішінде біршама өзгеріс енгізілді. Ең алдымен ауыл квотасы бойынша оқыған және басқа да мамандықта грантта оқыған студенттер өз күшімен жұмысқа тұрып, өтеуі керек деген норма күшіне енді. Бұл жұмысты Қаржы орталығы ұйымдастырып жатыр. Бірақ бұл ақпаратқа көбісі назар аудармай жүр. Сол себепті ректорлар ақпараттық жұмысты күшейтулері қажет", - деді министр.Сонымен қатар бірнеше проблеманың алдын алу үшін бастаманы қолға алып, заңнамаға өзгерістер енгізілді.
"Енді тек мемлекеттік ұйымда ғана емес, жекеменшік ұйымдарда да жұмыс істеуге мүмкіндігі бар. Бұл өте маңызды. Мысалы, фармация мамандығын бітірген студенттер ауылына қайтып барады, алайда ондағы дәріхананың барлығы жекеменшік болса, онда ол қалай мемлекеттік ұйымға жұмысқа тұрады?! Әрине осыдан міндетін орындауға ешқандай мүмкіндігі болмайды", - деп түсіндірді бас ұстаз.Одан бөлек, қазіргі таңда жекеменшік мектептер мен емханаларды дамыту қолға алынғанын айтты. Яғни қабылданған шешім студенттердің проблемаларын шешуге мүмкіндік береді.
"Бұған дейін бірнеше жағдай болды. Мысалы, кейбір студент грантқа түсіп, 3 жыл грантта оқиды, кейін төртінші жыл болғанда ақылы форматқа ауысып кетеді. Олар мұны еңбекпен өтемеудің амалы ретінде әдейі істейді. Енді мұндай жағдайларды қайталамас үшін студент қанша жыл грантта оқыса да, соны өтеуі тиіс болады", - деп атап өтті Білім басшысы.Ол бұл нормалар студенттердің жағдайын жақсарту үшін қабылданып отырғанын айтты.