Гүлмира Сатыбалды 8 жылға сотталды

0
561

​Сот Гүлмира Сатыбалдыға 10 жыл бойы коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқаруға тыйым салды.


Гүлмира Сатыбалды 8 жылға сотталды

ERNUR.KZ. Қызылорда қалалық соты Гүлмира Сатыбалдыны 8 жылға бас бостандығынан айырды, деп жазады inbusiness.kz.


Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, сотталушы С. 2018-2020 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауы бөлігін жылумен жабдықтау жұмыс жобасы бойынша жұмыс атқармай, алдын ала сөз байласып, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде жымқырған.

Ал сотталушылар Б, Ж, Е, Қ. мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғалар бола тұра, бір топ болып алдын ала сөз байласып, қызмет бабын пайдаланумен ұштастырып, аса ірі мөлшерде сеніп тасырылған бөтен мүлікті талан-таражға салу арқылы жымқырған.

Сотталушылар Д. мен Б. атқарылмаған жұмысқа өткізу актісін жасақтап қол қойған.

Сотталушылардың қылмыстық іс-әрекетінен мемлекетке 441 млн теңге зиян келген.

Сотталушылардың кінәсі сотталушы Б-ның кінәні мойындау туралы арызымен, құрылыс нысанына қатысты жүргізілген сот-тауартану және сот-экономикалық сараптамасымен, "А" ЖШС бухгалтері, есепшісі, құрылтайшыларының беттестіру жауаптарымен дәлелін тапты.

Прокурор сотталушы С-ны - 8, Б, Ж, Е, Қ-ны 7 жылға бас бостандығынан айыруды, ал Д. мен Б-ға - 7 жыл шартты жаза беруді сұрады.

Нақтырақ айтқанда, ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағының санкциясында 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

"Сотталушы С. ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығын айыру жазасы тағайындалды. Сотталушы С-ның биылғы 4 сәуірдегі Астана қаласы Байқоңыр аудандық №2 сотының үкімін (7 жыл) есекере отырып, ҚК-нің 58-бабы 3,6-бөліктеріне сәйкес, онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы, түпкілікті жаза ретінде 8 жылға бас бостандығын айыру жазасы тағайындалды", - деп мәлім етті облыстық соттан.

Ведомство мәліметінше, Б, Ж, Е. және Қ-ға мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды және 7 жылға сотталды.

Мемлекетке келген 441 млн теңге шығын толық өндірілген.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.