​ІІМ Денсаулық сақтау министрлігінің ЖСН қателеріне қатысты айтқанын жоққа шығарды

0
87

ІІМ-нің түсіндіруінше, ЖСН — жеке тұлғаға бір рет берілетін және өмір бойы өзгермейтін бірегей сәйкестендіргіш.


​ІІМ Денсаулық сақтау министрлігінің ЖСН қателеріне қатысты айтқанын жоққа шығарды

Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

ERNUR.KZ. Ішкі істер министрлігі Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған скрининг деректеріндегі «аномалиялар» туралы мәлімдемеге қатысты түсініктеме берді, деп жазады inform.kz.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәселенің кей азаматтардың ЖСН-індегі жетінші цифрдың жүйеде дұрыс көрсетілмеуіне байланысты туындап, соның салдарынан есептік деректерде ерлер мен әйелдер арасындағы сәйкессіздіктер анықталғанын айтқан еді.

Сонымен қатар ол аталған жайт бойынша ІІМ-мен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлаған болатын.
ІІМ-нің түсіндіруінше, ЖСН — жеке тұлғаға бір рет берілетін және өмір бойы өзгермейтін бірегей сәйкестендіргіш. Ол мемлекеттік ақпараттық жүйелерде азаматтарды дәл сәйкестендіру үшін қолданылады. Ведомство өкілдері ЖСН құрамындағы цифрлар техникалық сипатқа ие екенін атап өтті. Бұл ретте негізгі талап — нөмірдің бірегейлігі.
— ЖСН азаматтың әлеуметтік-демографиялық сипаттамаларын айқындау немесе растау құралы емес. Мемлекеттік және медициналық қызметтер көрсету кезінде жынысы, туған күні және өзге де дербес деректер тиісті мемлекеттік тіркелімдер мен салалық ақпараттық жүйелердің расталған мәліметтері негізінде пайдаланылуы тиіс, — делінген ІІМ таратқан ақпаратта.
Сонымен қатар ІІМ медициналық скрининг нәтижелерінің дұрыстығы мен пациент деректерінің шынайылығы денсаулық сақтау ұйымдары мен олардың ақпараттық жүйелері арқылы қамтамасыз етілетінін атап өтті.
Бұған дейін Астанада екі жекеменшік клиниканың басшысы МӘМС-тен 682 миллион теңге жымқырды деген күдікке ілінген еді.
Сонымен қатар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚР шет елдердегі мекемелері шетелдік азаматтарға ЖСН беруді тоқтатты.