Инфекциялық ауру жұқтырған: Көкшетауда ауруханаға түскен сарбаздар саны артты

0
1 023

Олар инфекциялық ауру жұқтырған. Барлық сарбаздар Covid-19 бар-жоғына тексерілді, бірақ вирус анықталмады.


Инфекциялық ауру жұқтырған: Көкшетауда ауруханаға түскен сарбаздар саны артты

ERNUR.KZ. Көкшетаудағы 5510 әскери бөлімінде инфекциялық ауру жұқтырған сарбаздардың саны артты, деп жазады Inbusiness.kz.

23 тамыздан бері 5510 әскери бөлімінің 49 мерзімді әскери қызметшісі Көкшетау қаласының No1 қалалық көпсалалы ауруханасына жедел респираторлық инфекцияның алдын ала диагнозымен жатқызылды. Бес сарбаздан менингококк инфекциясы, төртеуінен энтеровирус инфекциясы анықталған.

"Әскери бөлімнің қызметкерлері арасында барлық қажетті емдеу-профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде. Қазіргі уақытта індет ошағы локализацияланған, жаңа шағымдар тіркелген жоқ. Қызметтік тексеру жүргізілуде", деп қосты Ұлттық ұланның баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, ауруханаға жатқызылған сарбаздарда бірдей ауру белгілері байқалған: қалтырау, дене қызуының 40 градусқа дейін көтерілуі.

"Бірінші күні бірден алты адам ауруханаға жеткізілді.Біреуінің жағдайы өте ауыр болды. Дереу реанимациялық ота жасалып, пациентті аман алып қалдық. Қазір науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Сондай-ақ, ол бұған дейін желшешекпен ауырған, тиісінше иммунитеті әлсіреген.
Содан кейін күніне алты-он адам осындай шағымдармен келе бастады", деді аурухананың бас дәрігері Сәкен Қалымжанов.

Дәрігерлердің айтуынша, маусымдық инфекция және казармада адамдардың көбеюінен вирус тез таралып кеткен болуы мүмкін.

Айта кетейік, жұқпалы аурулар орталығында әскери қызметкерлерге тұтас бір бөлім бөлінген. Науқастар екі-екіден оқшауланған палаталарға жатып, ем қабылдап жатыр.

Бүгінгі таңда 47 сарбаз госпитальда, тағы екеуі әскери бөлімнің дәрігерлік амбулаториясында ем қабылдауда.