Сурет: phxere
Мемлекеттік кірістер комитетінің салықтық әкімшілендіру департаменті директорының міндетін атқарушы Бектас Әділғалиевтің мәліметінше, бес концерт пен фестиваль бойынша жалпы есептелген салық көлемі, мердігерлерді қоса алғанда, шамамен 1,5 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 738,6 млн теңге нақты төленген.
Alem Fest фестивалі — шілде айында Астанада өтіп, 22 мың көрерменді жинаған. Шетелдік орындаушы үшін төленген корпоративтік табыс салығы (КТС) сомасы 22 млн теңге болды.
Дженнифер Лопес концерттері — тамыз айында Алматыда және Астанада өткен. Алматыда 26 мың, Астанада 27 мың көрермен жиналды. Шетелдік резиденттер үшін төленген КТС мөлшері – 500,1 млн теңге (оның ішінде Астанада – 249,4 млн, Алматыда – 250,7 млн теңге).
Backstreet Boys концерттері — қыркүйекте екі қалада өткен. Бұл концерттерден бюджетке түскен шетелдік резиденттің КТС сомасы 216,5 млн теңгені құрады.
Бектас Әділғалиевтің айтуынша, жыл соңына дейін концерт ұйымдастырушылары мен қосалқы мердігерлердің кәсіпкерлік қызметінен және мультипликативтік әсер есебінен қосымша 761,4 млн теңге түсім күтіледі.
Сонымен қатар, министрлік ірі музыкалық іс-шаралардың қалалық инфрақұрылымның дамуына, туризм мен шағын бизнестің өсуіне оң ықпал етіп, бюджетке қосымша табыс көзін қамтамасыз ететінін атап өтті.


