Петропавлда итті әбден қорлап, көшенің қақ ортасына денесін тастап кеткен сурет жарияланды.
ERNUR.KZ. Жануарларды құтқару ұйымдары ит пен мысыққа қорлық көрсеткендердің жазасын қатаңдатып, тіпті бірнеше жылға түрмеге қамауды ұсынды, деп жазады Stan.kz.
Елімізде ит-мысықты қорлайтындар көбейіп кетті. Тіпті онысын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салып, қатігездіктерін жария ететіндер жетерлік.
Мәселен, басы денесінен де үлкен болып ісіп кеткен иттің мойнына белгісіз біреулер қатты қысып резеңке байлап тастаған. Оны Елордалық еріктілер құтқарып қалды.
Петропавлда итті әбден қорлап, көшенің қақ ортасына денесін тастап кеткен сурет жарияланды. Мұндай жағдай соңғы кездері жиілеп кеткен. Алматыда да, жақында 40-қа жуық мысық өлімші күйінде даладан табылды. Жануарлар жанашырлары күніне кем дегенде 10 адам қорлық көрген ит-мысықты өткізгісі келетінін айтады.
“Жануарларды көбіне кішкентай балалар қорлайды. Қазір олардың қатарына үлкендер де қосылды. Соңғы кездері, тіпті жиілеп кетті. Алматыда 10-ға жуық жануарларды қабылдайтын үйдің барлығында қазір орын жоқ. Көбіне ит-мысықты өртеп, көзін ойып, көп қабатты үйлердің үстінен лақтырып жатады”, – дейді жануарларды құтқару ұйымының басшысы Марина Лежнева.
Ал психолог маман адамдардың мұндай қатігездікке баруын отбасындағы тәрбиемен байланыстырып отыр. Сонымен қатар ата-аналар балалардың үйде немен айналысып жатқанына көбірек мән беруі керек екенін де айтты.
“Балаларды тәрбиелеп жатқан мультфильмдер. Агрессивті мультфильмдер. Оның үстіне ол жерде мейірімділік жоқ. Ыңғи соғыс, атыс-шабыс. Соны көріп тәрбиеленген бала, әрине, сондай қадамдарға барады”, – дейді психолог Төреғали Батырханұлы.
Жануарлар жанашырлары Әкімшілік кодекстегі 316-шы бапты қатаңдату қажет дейді. Олардың ойынша, үй жануарын қинап, өлтірген болса 5 миллион 834 мың теңге айыппұл салыну немесе қоғамдық жұмысқа 600 сағат тартылу керек.
“Жануарларды қорлаған адамдар жазаланбай жатыр. Оны өткен жылғы статистика көрсетті. Тек, айыппұл төлеп немесе кешірім сұраған видеомен құтылып жатыр. Біздің талабымыз – үй жануарларын аяусыз қинаған адамдар 2 жылға дейін түрмеге қамалуы керек”, – дейді жануарларды қорғау қоғамдық қорының президенті Айгүл Имбергенова.
Өткен аптада белгісіз біреулердің итті ағашқа байлап қойып, тірідей өртеп жатқан видеосы тараған болатын. Бірақ қатігез адамның кім екені әлі анықталмады.