Кәмелет жасына толған халықтың 90 пайызы несие алған

0
2 012

Бұрындары кредитке жүгінетіндердің саны ай сайын артса, қазір күн сайын артып келеді.


Кәмелет жасына толған халықтың 90 пайызы несие алған

Кәмелеттік жастан бері қарайғы қазақстандықтардың 90 пайызы несие алып көрген. Халықты сүлікше сорған банктер берген қарыздың 30 пайызы тұтынышулық мақсатқа жұмсалған. Халық ипотека мен бизнесті қойып смартфон, телевизор, тоңазытқышты, тіпті киім алу үшін де несие рәсімдейтін болған, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Қазір тамақтың өзін несиеге алып жейтіндер де кездеседі. Сарапшылар, кредитті оңды-солды таратудың арты жақсылыққа апармайды, керісінше кедейшілікке алып келеді деп дабыл қағуда.

Тұтынушылық несие алу рекордтық деңгейден асып түсті. Биылғы 10 айдың ішінде тұрғындар 3,9 триллион теңгеге несие алған. Арифметикаға салсақ, банк берген барлық несиенің 30 пайызы тек тұтынушылық мақсатқа жұмсалыпты. Яғни, жұрт үйіндегі әрбір затты қарызға алған.

"Әсіресе көп студенттердің алатыны ол жаңағы телефондарды ауыстыру. Бұл қазіргі кезде өкінішке қарай көп студенттердің арасындағы ауру сияқты, - дейді экономист Дәуренбек Мажитов.

Бұл дегеніңіз халықтың айлық табысынан гөрі берешек қарызы көп деген сөз. Бірақ қарапайым халық керісінше тұтынушылық несиенің керектігін мойындайды. Өйткені айлығы шайлығына жетпейтін жұрт үшін затты алып ап, ай сайын төлеген әлдеқайда тиімді.

Әлеуметтанушылар жаппай несие алуды ғасырлық дертке балайды. Бұл жерде байып жатқан тек банктер, дейді. Ал тиын тебенін несиеге жұсайтын халық трендке сай болу үшін соңғы үлгідегі смартфон, смарт теледидар мен өзге де заттарды алуға тырысады. Мұнда маркетингтің де әсері бар.

"Иә шынында да соңғы кездердегі деректерге сүйенсек, Қазақстандықтардың 90 пайыздан артығы бір немесе бірнеше несие алған. Бүгінгі күнде Қазақстандықтардың да басым бөлігі кредиттерінің жартысының көбі азын-аулақ дүниеге бір мысалы телефонға, телевизорға немесе бір киімге жұмсалатынын көріп жүрміз, - дейді әлеуметтанушы Рамазан Салықжанов.

Дәл осы несиелер талай ерлі-зайыптылардың ажырасуына да сеп болған. Сондықтан да несиені оңды-солды беру де дұрыс емес, дейді сарапшылар.

Есептесек, жеке тұлғалармен жасалған несие келісім-шарттарының саны 13 миллион асып кеткен. Ал қазақстандықтардың осы уақытқа дейінгі банк алдындағы берешегі 7 трлн теңгеге жетіпті.