Кездесудің ақтық раунды да Қанат Исламның басымдығымен басталды.
ERNUR.KZ. Қазақ боксшысы Қанат Ислам аргентиналық Хавьер Франсиско Масьельден басым түсті, деп жазады inform.kz.
АҚШ-тың Флорида штатындағы Плант-Ситиде өткен бокс кешінде 38 жастағы отандасымыз аргентиналық қарсыласын жеңіп, кәсіпқой рингтегі 28-жеңісін тіркеді.
8 раундық жекпе-жектің екінші раундынан бастап Қанат Исламның басымдығы айқын сезіліп тұрды. Аргентиналық боксшы үнемі қорғанысты ойлап, қазақ боксшысынан жасқаншатап жүргендей көрінгенімен, Қанат Исламның шаршы алаңдағы белсенді қимылдары соншалық қауіп төндіре қоймады.
6-раундта Қанаттың мұрны сыртынан қанағаны байқалды. Алайда бұл кездесуді мерзімінен бұрын аяқтайтындай ауыр жарақат емес еді.
Кездесудің ақтық раунды да Қанат Исламның басымдығымен басталды. Раунд аяқталар тұста қазақ боксшысының бүйірді көздеген ауыр соққысынан кейін рингтегі төреші нокдаун тіркеді.
Осылайша төрешілер қазақ боксшысының ұпай санымен жеңісін жариялады.
Айта кетейік, бұған дейін Қанат Ислам 28 жекпе-жек өткізіп, оның 27-сінде жеңіске жетіп, біреуінде ғана жеңілген. Хавьер Масьель осымен 52 жекпе-жегіне шықты. 51 айқастың 34-інде жеңіп, 17-сінде жеңілген.