"Қаңтар қасіреті": Қамауда отырғандар арасында кәмелетке толмағандар мен әйелдер де бар

0
881

Алматыда жобамен 280-дей адам, ал республика бойынша 800-дей адам қылмыстық іспен қамауға алынған.


ERNUR.KZ. Аманат қоғамдық комиссиясының төрағасы, адвокат Абзал Құспан Алматыда өткен баспасөз мәжілісінде қаңтар оқиғасы бойынша қамалғандар арасында әйелдер мен кәмелеттік жасқа толмаған азаматтар барын айтты, деп жазады baq.kz.

Оның айтуынша, дәл қазір қанша адам қамауда отырғанын айту қиын, өйткені адамдар әлі де қамауға алынып жатыр.

Алматыда жобамен 280-дей адам, ал республика бойынша 800-дей адам қылмыстық іспен қамауға алынған. Азаматтарды ұстау әлі де жалғасып жатыр, сондықтан нақты санын айту қиын. Бұған дейін біз шығарған 36 адамның ішінде екі бала кәмелет жасына толмаған, тізімде тағы үшеуі тұр. Бұған дейін бір әйел шықты, әліде отырғандар бар. Дегенмен ұсталғандардың дені ер адамдар, – деді ол.

Сондай-ақ баспасөз жиыны барысында белгісіз адамдардың Аманат комиссиясының атын жамылып, ұсталған адамдардың жақындарымен байланысқа шыққаны туралы айтылды.

Қай кезде де алаяқтар болады. Олар ұсталғандардың туыстарына балаңды шығарып береміз деп, ақша алуы мүмкін. Олармен күресуіміз керек. Егер комиссияның атына арыз түссе, оны құзырлы органдарға жолдап, оны қадағалауға аламыз, – деді Аманат комиссиясының мүшесі, адвокат Мәди Мырзағараев.