Алматы облысының Қарасай аудандық сотында Қаңтар оқиғасы кезінде азаптауларға байланысты полиция қызметкерлеріне қарсы іс қаралуда.
Коллаж Ulysmedia.kz
ERNUR.KZ. Қырғызстандық музыкант Викрам Рузахунов Қаңтар оқиғасы кезінде азаптауға ұшырағаны ұшін қомақты сомада өтемақы талап етті, деп жазады ulysmedia.kz.
Алматы облысының Қарасай аудандық сотында Қаңтар оқиғасы кезінде азаптауларға байланысты полиция қызметкерлеріне қарсы іс қаралуда. Журналист Данияр Молдабековтың айтуынша, қырғыз музыканты Викрам Рузахунов материалдық және моральдық өтемақы ретінде 61 миллион теңге талап еткен азаматтық шағым түсірген.
"Рузахунов материалдық және моральдық шығынды Қаңтар оқиғасы кезінде азаптаулар бойынша сотталып жатқан алты бұрынғы полиция қызметкері өтесін деп отыр", – деді сот залында оның адвокаты Елена Жигаленок.
2022 жылғы 9 қаңтарда Qazaqstan және Хабар 24 мемлекеттік телеарналары әлеуметтік желілерде бір видеоны жариялады. Онда ұсталған адам Қырғызстаннан Қазақстанға наразылықтарға қатысу үшін келіп, 90 мың теңге алғанын айтқан. Ұсталған адамды туыстары мен әріптестері қырғыз пианисті, Бішкектегі джаз оркестрінің жетекшісі Викрам Рузахунов деп таныды.
Олар Рузахуновтың Қазақстанға концерт өткізу үшін келгенін және видеодағы мойындауларды азаптаулар нәтижесінде жасағанына сенімді екенін мәлімдеді. Бішкек осы оқиға бойынша Астанаға ресми нота жолдады. Резонанс аясында қазақстандық билік музыкантты босатқан. Отанына оралғаннан кейін ол азапталғанын және өзін айыпты ретінде көрсетуге мәжбүр болғанын мәлімдеген.
Еске салсақ, бұдан бұрын Астана қаласының Алматы аудандық соты қырғызстандық музыкант Викрам Рузахуновтың Қазақстан ІІМ атына берген ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау туралы арызын қанағаттандырудан бас тартқан. Қырғызстандықтың адвокаттары ҚР ІІМ-нен Рузахуновтың алматылық полицейлер қысымымен айтылған айғақтарын, яғни Қазақстанға 2022 жылғы қаңтардағы тәртіпсіздіктерге қатысу үшін келгені жөніндегі жауаптарын дұрыс емес деп тануды және музыканттан көпшілік алдында кешірім сұрауды талап еткен еді.
Кейінірек оның бұл шағымын ҚР Жоғарғы Соты да қанағаттандырудан бас тартқан.