Үкім заңды күшіне енген жоқ.
ERNUR.KZ. Қаңтар оқиғасынан кейін Алматыда изоляторда күдіктіні ұрып өлтірген полиция қызметкерлеріне қатысты сот үкімі шығарылды, деп жазады ҚазАқпарат.
Алмалы аудандық соты Алматы қаласы полиция департаменті уақытша ұстау изоляторының жеті қызметкеріне қатысты өлімге әкеп соққан, басқа тұлғаларға зиян келтіру мақсатында билігін асыра пайдаланып, зорлық-зомбылық қолданды, қызметте әрекетсіздік танытты деген айып бойынша қылмыстық істі қарады.
Сотта 2022 жылдың 9 қаңтарында жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты деген күдік бойынша жәбірленуші А. уақытша ұстау изоляторына жеткізілгені анықталды. Ол уақытша ұстау изоляторы камерасында азаптаудан көз жұмды.
Судья күдіктіні өлтірді деп айыпталған 7 полиция қызметкерін ҚР ҚК 146-бабы бойынша кінәлі деп таныды.
«Алты адамға 8 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қызметте әрекетсіздік танытқан бір қызметкер 5 жылға сотталды. Сотталушылардың барлығы полиция шенінен айырылды», - деп хабарлады Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінен.
Сондай-ақ, судья сотталушыларға марқұмның туыстарына 20 миллион теңге моральдық шығын төлеуге міндеттеді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.