​Қапшағайда Медеуден екі есе үлкен мұз айдыны салынды

0
109

Алматы облысы — географиясы мен табиғи ресурстары туризмді дамытуға ерекше қолайлы, әлеуеті жоғары өңір.


​Қапшағайда Медеуден екі есе үлкен мұз айдыны салынды

Фото: Қонаев әкімдігі

ERNUR.KZ. Жыл басынан бері Алматы облысына 2,2 млн турист келді. Олар Көлсай, Қайыңды, Қапшағай орындарына барған. Бұл туралы облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев баяндады, деп жазады inform.kz.

Оның айтуынша, Алматы облысы — географиясы мен табиғи ресурстары туризмді дамытуға ерекше қолайлы, әлеуеті жоғары өңір. Бүгінде облысқа келген туристер саны 2,2 млн адамға жетіп, өткен жылмен (2024 ж. — 1,6 млн) салыстырғанда 36% өсім көрсетті.

— Қапшағай су қоймасы Қонаев қаласының негізгі демалыс орталығына айналды. 2025 жылғы жазғы маусымда мұнда 2 миллионға жуық адам келіп, былтырмен салыстырғанда 20% өсімді көрсетті. Демеушілер қолдауымен қалалық жағажайда ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізілді, — деді М. Сұлтанғазиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Қазір құны 83,2 млрд теңге болатын Ақтас үстіртіндегі «Oi-Qaragai» тау-шаңғы курортын кеңейту жобасы жүзеге асырылып жатыр. Курорттың басты ерекшелігі — ұзындығы 28 шақырым болатын еліміздегі және Орталық Азиядағы ең ұзын шаңғы трассасының болуы. Сонымен қатар, курорт жылдың төрт мезгілінде үздіксіз жұмыс істеп, жыл сайын шамамен 600 мың туристке қызмет көрсетеді.
Қапшағай көлі жағалауында құны 11 млрд теңге болатын «ASP-Arena» халықаралық деңгейдегі спорт аренасы, 4 000 мың орындық стадион іске қосылды.
Онда ауданы 20 мың шаршы метр болатын, Медеуден екі есе үлкен, Орталық Азиядағы ең үлкен мұз айдыны қонақтарды қабылдауға дайын.
— Облыстың туризм саласы үшін Қайыңды және Көлсай көлдерінің ерекше маңызы бар. Мұнда жаяу жүргіншілер жолдары толық абаттандырылып, Қайыңды көліне баратын 9 шақырым жолға күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Бұл бағытқа келген туристер саны өткен жылмен салыстырғанда 1,6 есеге өсіп, 600 мың адамға жетті, — деп атап өтті әкім.
Іле өзені жағасындағы «Көшпенділер» қалашығы да әкімдіктің балансына алынды. Алдағы уақытта бұл нысан толық жаңартудан өтеді.