Қапшағайдағы демалыстан кейін әйел мен жасөспірім бір айдан аса уақыт бойы төсекке таңылып қалған

0
93

Төтенше жағдай шілде соңында болған.


Қапшағайдағы демалыстан кейін әйел мен жасөспірім бір айдан аса уақыт бойы төсекке таңылып қалған

фото: ktk.kz

ERNUR.KZ. Қапшағайда су аттракционындағы серуеннің соңы қайғылы жағдаймен аяқтала жаздады, деп жазады tengrinews.kz.

Төтенше жағдай шілде соңында болған. Екі отбасы қайыққа арқанмен байланған үрлемелі диванмен сырғанауды ұйғарады. Алайда оларды гидроцикл келіп соққан. Соққы салдарынан әйел адам мен жасөспірім көптеген сынық жарақатын алды. Екеуі де төсекке таңылып, бір айдан астам уақыт бойы өз бетінше жүре алмай отыр.

Зардап шеккендердің бірі - 36 жастағы Назира Оспанбек. Бір айдан астам уақыт бойы әйел қозғалыссыз жатыр: ол жүре де, отыра да алмайды. Назираның қабырғалары мен қолы сынып, жамбасы зақымдалған, сондай-ақ ішкі мүшелері жарақаттанып, миы шайқалған.

"Қайықшы қайықты да, диванды да тоқтатты. Біз суда тұрдық. Қайықшыға: "Бізді жағаға жеткіз" деп айқайлай бастадық, бірақ ол бізді естімеді. Күйеуім тіпті ысқырып: "Болды, жетеді. Жағаға апар" деді. Осы сәтте қайықшы диван солға қарай бұрылатындай траекториямен қозғала бастады. Дәл осы уақытта бізді гидроскутер келіп соқты", - деп еске алады зардап шегуші.

Назираға осы уақытқа дейін үш ота жасалды, бірақ ол әлі де өз бетінше жүре алмайды.
"Төсек тартып жатқандықтан және қарапайым мұқтаждықтарыңды өзің өтей алмайтындықтан, физикалық ауырсыну да қатты қинайды. Бұл өте қиын. Ең ауыры - бұған қатысы барлардың ешқайсысы жауапқа тартылмай отырғаны. Олар сенің тәни ауруыңды бөлісе алмайды", - деді әйел.

Назирамен бірге 14 жастағы Асылжан Рысқұлова да ауыр жарақат алды. Қыздың аяғы мен жамбасы сынып, миы шайқалған. Оқиғадан кейін ол комаға түсіп, тек алтыншы күні есін жиған. Асылжанға ота жасалды. Қазір жасөспірім жүре де, отыра да алмайды. Тоғызыншы сынып оқушысы қашықтан білім алып жатыр.

"Аяғына ота жасап, гипс салды. Бір сүйегіміз үш жерден сынған, сондықтан пластина қойды. Үнемі ауырсынуды басатын дәрі ішеді. Эмоционалдық жағдайы да мәз емес. Мұның бәріне қарап отыру ауыр. Ана ретінде маған оңай емес", - деді жасөспірімнің анасы Жанар Рысқұлова.

Зардап шеккендер полицияға арызданды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ретінде гидроцикл жүргізушісі танылды. Ол қазір бостандықта. Қылмыстық іс теңіз немесе өзен көлігінің қозғалыс қауіпсіздігі немесе пайдалану қағидаларын бұзу фактісі бойынша тергеліп жатыр.

Зардап шеккендер су көлігін жалға берген гидроцикл иесінің де, қайықты басқарған ер адамның да жауапқа тартылуын талап етеді.