Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметінен кетті

0
2 694

Ол енді коронавирустың таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел штабтың жұмысына жетекшілік етеді.


Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметінен кетті

ERNUR.KZ. Қарағанды облысында денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев қызметінен кетті. Ол облыстық клиникалық аурухананың директоры болып, өңір басшысының штаттан тыс кеңесшісі ретінде коронавирустың таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел штабтың жұмысына жетекшілік етеді, деп жазады nur.kz.

Ержан Нұрлыбаев Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметінен босатылып, облыстық клиникалық аурухананың директоры болып тағайындалды.

Сондай-ақ ол өңір басшысы Жеңіс Қасымбектің штаттан тыс денсаулық сақтау мәселелері бойынша кеңесшісі болған. Нұрлыбаев коронавирустың таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел штабтың жұмысына жетекшілік ететін болады.

Сонымен бірге Ержан Нұрлыбаев денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту және жаңғырту, салаға инвестициялар тарту мәселелерімен айналыспақ.

Жеңіс Қасымбек Нұрлыбаевтың өңірдегі денсаулық сақтау саласын дамытудағы еңбегі мен тиімді менеджерлік қасиеттеріне көңілі толғанын атап өткен. Басшылық еткен жеті жыл ішінде саланы цифрландыру бойынша ауқымды жұмыс істелген екен.


"Пандемия кезіндегі жұмысты ерекше атап өткім келеді, қысқа мерзімде инфекциялық госпитальдар ашылып, емханалардың жұмысы қайта құрылды. Бұл өз кезегінде адам өмірлерінің үлкен шығындарын болдырмауға мүмкіндік берді. 26 компьютерлік томография кабинеті мен 11 ПТР-зертхананың жұмысы ұйымдастырылды", - дейді Жеңіс Қасымбек.


Әзірге Қарағанды облысының әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысы кім екенін жариялаған жоқ. Ержан Нұрлыбаев бұл қызметті 2014 жылдың сәуір айынан бастап атқарған.