Қарағанды облысы әкімдігі өңірдегі желдің салдары қандай болғанын айтты. Әкімдік жанынан құрылған комиссия шығынды есептеп жатыр.
ERNUR.KZ. Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында 20 тұрғын үй мен 10 әкімшілік ғимараттың шатырын жел ұшырды. Келген шығынды әкімдік жанынан құрылған комиссия анықтайды, деп жазады sputniknews.kz.
2 маусым күні болған жел мәденит үйі, автостанция ғимараты, аудандық аурухана, мектеп сынды ғимараттардың шатырын ұшырды. Сондай-ақ, бірқатар дүкен мен мейрамхана шатырсыз қалды.
"2 маусымда Ақтоғайда желдің екпіні күшейді. Салдарынан әкімшілік ғимараттар мен тұрғын үйлер шатырсыз қалды. Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ", - деді Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта төтенше жағдайдан келген шығынды әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия анықтап жатыр.
1 маусымда қатты жел салдарынан Павлодар облысында да бірқатар ғимарат шатырсыз қалған болатын. Ағаштардың бірі жеке үй ауласында жасөспірімге құлады. Ол жергілікті ауруханаға жеткізілді. Алайда құтқару мүмкін болмады.