Құқық қорғау және уәкілетті органдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде 7 ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолы кесілді.
ERNUR.KZ. Қарағанды облысында бірнеше жыл бойы жалған шот-фактура шығарумен айналысқан қылмыстық топтың қызметі әшкереленді, деп жазады kazinform
Қарағанды прокурорлары жалған шот-фактура шығару арқылы ақша қаражатын заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру бөлігінде көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл мәселесін талқылады. Бұл мәселе Қарағанды облысының прокуроры Құсайын Игембаевтың төрағалығымен өткен үйлестіру кеңесі отырысының басты тақырыбы болды. Жұмысқа кеңес мүшелері, мемлекеттік кірістер департаментінің, Ұлттық банк пен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы филиалдарының, екінші деңгейлі банктердің басшылары қатысты.
Ақшаны қылмыстық жолмен қолма қол ақшаға айналдыру мәселесі ең өзекті проблемалардың бірі екені атап өтілді, себебі бұл әрекеттермен экономикаға ғана емес, елдің қауіпсіздігіне де зиян келтірілуде. Құқық қорғау және уәкілетті органдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде 7 ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолы кесілді, мәмілелерді жою және заңды тұлғаларды тіркеуді жарамсыз деп тану бойынша сотқа 3718 талап-арыз жолданды, бюджетке 8,3 млрд теңгеден астам сома өндірілді.
«Мысалы, аталған айла-шаралардың схемасы айқындалып, М. жетекшілік еткен қылмыстық топтың әрекеттері тоқтатылды. Аталған топ үш жыл бойы жалған шот-фактуралар шығарып, банкоматтар арқылы жеке тұлғалардың карточкалық шоттары бойынша қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан. Іс сотта қаралуда», - деп хабарлады Қарағанды облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі. Сонымен қатар, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл бойынша күш-жігерді біріктіруді және жедел шаралар қабылдауды талап ететін бірқатар мәселелер бар.
«Қаражатты қылмыстық жолмен қолма қол ақшаға айналдыруды уақытылы анықтауда банктердің рөлі ерекше, олар қатерлерді үнемі анықтап, «күдікті« операцияларға жол бермеулері керек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі өңірлік басқарма мен Экономикалық тергеу департаментінің міндеттері - қаржы мониторингі субъектілерінің осы бағыттағы жұмысын бақылау, қылмыстық «схемаларды» анықтау және қаржылық барлау бөлімшелерімен бірлесіп осы фактілерге ден қою», - деп қосты облыстық прокуратурада.
Үйлестіру кеңесі уәкілетті органдарға аталған өзара іс-қимыл проблемаларын шешуге бағытталған ведомствоаралық жоспар әзірлеуді, сондай-ақ бірлескен іс-шаралар өткізу үшін жұмыс тобын құруды ұсынды.