Қарағандыдағы ІІМ академиясынан тағы да шу шықты

0
782

Арнайы комиссия академиядағы күмәнді істерді майшаммен қарауға кіріскен.


Қарағандыдағы ІІМ академиясынан тағы да шу шықты

ERNUR.KZ. Қарағандыдағы Ішкі істер министрлігінің академиясында тағы жанжал. Оқу орнының курсанттары топтасып төбелескені аздай, енді оқытушылары академия басшылығына қатысты арызданып жатыр. Президенттен бастап, Жемқорлыққа қарсы агенттік пен Ішкі істер министрінің атына жазылған хатта жемқорлық жайы жіпке тізіліпті, деп хабарлайд КТК телеарнасы.

Елордадан да арнайы комиссия дереу жетіп, академиядағы күмәнді істерді майшаммен қарауға кіріскен.

Қаладағы түнгі клубтың алдында бір топ адамның төбелесі. Мәліметтерге қарағанда, жаға жыртысқан түнгі клуб күзетшілері мен академияның 3-курсының курсанттары. Жұдырықтасқандарымен қоймай, пышақ жарақаттарын да алыпты-мыс.

Түнгі клубтың қожайыны аталған іс бойынша тергеудің енді басталғанын айтады. Өзі төбелесті көрмеген, күзетшілер де оған қатысуы мүмкін емес дейді ол.


- 26-сы күнгі болған оқиға, екі аптадан кейін келіп жаңағы шаруа туралы жауап алып жатыр. Бір болжамы, мына жерде күзетшілермен төбелескен дейді. Күзетшілер жабылған дейді. Ондай болған жоқ. Менде күзет жоқ, бәрін алып тастағанмын. Клубты өзім қараймын. Курсанттар дейді, білмейсің ғой, кімнің кім екенін.Мына жақта кейде өздері төбелесіп жатады, жастар ғой енді, ішіп алады, - дейді түнгі клуб қожайыны Еркебұлан Сүлейменов.


Оқиға 26-қыркүйекте болғанымен, академия басшылығы мұны жасырып келген. Ақпарат желіге тарған соң ғана сең қозғалғандай. Шұғыл түрде Ішкі стер министрлігінен арнайы комиссия келген. Жергілікті полиция да тексерісті бастады. Ал академия басшылығы тексеру аяқталмайынша, жарытып ақпарат беруге құлықсыз.


- Таралған ақпарат бойынша өндірістік іс қозғалды. Қарағанды полиция департментінің жеке құрам бойынша инспекциясы тексеріс бастады. Министірліктен комиссия келді. Осыдан басқа айтарым жоқ. Тексеріс қорытындысын кейін хабарлаймыз, - деді ІІМ Қарағанды академиясы бастығының орынбасары Юрий Колесников.


Академиядағы бұл жалғыз проблема емес. Бұл ұжымның басшыға қатысты жоғарыға жазған үшбу хаты. Мұнда академиядағы 5 нысанға құрылыс және жөндеу жұмыстары бір ғана фирманың ұтып алғаны жазылған. Алайда қаражат толық аударылғанымен, жұмыстар аяқталмапты. Оның үстіне жаңа басшы мұғалімдерді қудалап, білікті мамандар жұмысын тастап кетіп жатқаны да айтылған.

Былтыр бейнетаспа жазып желіге таратқан академияның оқытушысы, майор Асқар Тастайбеков қызметінен қуылған. Ізін ала академия бастығы, генерал-майор Жан Кенжетаев та орнын босатқан. Оның орнына отырған Ақынғали Дәрменов басшы қызметіне келген бір жарым жылдың ішінде бұл былықтың шеті қылаң берді. Енді мұның ақ-қарасын елордадан келген арнайы комиссия ажыратуы тиіс.