Қаржы министрі мемлекеттік бюждетке бір жылда қанша кіріс түскенін айтты

0
779

Жергілікті бюджеттердің шығыстары 6,7 триллион теңгені құрады.


Қаржы министрі мемлекеттік бюждетке бір жылда қанша кіріс түскенін айтты

ERNUR.KZ. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев он ай ішінде мемлекет бюджетіне 8 триллион 719 миллиард теңге сомасында кіріс түскенін айтты, деп жазады Stan.kz.

"Мемлекеттік бюджетке 8 триллион 719 миллиард теңге кіріс түсті. Республикалық бюджетке 5,6 триллион теңге түсті. Кірістер бойынша жоспар 13 миллиард теңгеге асыра орындалды, оның ішінде салықтар 24 миллиард теңгені құрап отыр. Алайда салықтық емес түсімдер 14 миллиард теңгеге атқарылмады", - деді министр.

Жоспардан асыра жиналған салықтың негізгі сомасы корпоративтік табыс салығына, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салыққа және шикі мұнайға экспорттық кедендік бажға тиесілі.

"Корпоративтік табыс салығы бойынша 666 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 66,5%-ке ұлғаюына байланысты жоспар асыра орындалды. Пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бойынша жоспарды асыра орындауға 2020 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда биыл 10 айда негізгі экспорттық позицияларға бағаның орташа есеппен 28%-ке өсуі әсер етті", - деп түсіндірді Жамаубаев.

Шикі мұнайға экспорттық кедендік баж бойынша жоспардың асыра орындалуына 10 айда мұнай бағасының орташа есеппен 44,6%-ке өсуі әсер етті.

"Алайда ішкі өндіріс тауарларына қосылған құн салығы және импортқа қосылған құн салығы бойынша жоспар орындалмады. Ішкі өндіріс тауарларына қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмауы былтырмен салыстырғанда биыл 10 айда қосылған құн салығын қайтару сомасының 173 миллиард теңгеге немесе 32%-ке ұлғаюына байланысты орындалмады", - деді министр.

Импортқа қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмауына 9 айда үшінші елдерден импорт көлемінің былтырмен салыстырғанда 9,3%-ке немесе 1,7 миллиард долларға төмендеуі әсер етті.

Сонымен қатар министр он айда мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,7%-ке, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,6%, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98%-ке атқарылмағанын айтты.

"Республикалық бюджет бойынша шығыстар 12 триллион теңгені құрады, 50 миллиард атқарылмады, оның ішінде 10 миллиарда теңге үнемделді. 40 миллиард теңге игерілмеді. Игерілмеген ірі сомалар төтенше жағдайлар, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, денсаулық сақтау, ішкі істер және қаржы министрліктеріне тиесілі", - деді министр.

Жергілікті бюджеттердің шығыстары 6,7 триллион теңгені құрады.

Бұнымен қҮкімет басшысы Асқар Мамин ел экономикасы сенімді түрде өсіп жатқанын айтты.

"10 айдың қорытынысы бойынша жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсуі 3,5%-ке жеделдеді. Нақты секторда өндірісте орнықты өсу қарқыны байқалып отыр. Машина жасау өндірісі 19,5%-ке, оның ішінде автомобиль жасауда – 23,4%, локомотив пен вагондар өндірісінде 59%, құрылыс материалдарында – 9,3%, фармацевтикада – 33,6%, пластмасса бұйымдары өндірісінде 36,5%, киім өндірісінде 11,4%, жиһаз – 11,8%, дайын металл бұйымдарын өндіруде 16,4% өсім байқалып отыр",- деді Мамин.