Ал жуырда өлген 1034 итбалықтың неден қырылғаны әлі белгісіз.
Фото: istockphoto.com
ERNUR.KZ. 2024 жылдың 24 қазаны мен13 қарашасы аралығында Каспий теңізінің Маңғыстау облысы Түпқараған ауданындағы жағалауында 1034 итбалық өлген, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, алдын ала болжам бойынша су астындағы жер сілкінісі кезінде улы газдар пайда болып, итбалықтар содан қырылған. Дегенмен, Балық шаруашылығы комитеті бұның тек алдын ала болжам екенін және итбалықтардың нақты неден өлгенін 3-4 айдан кейін ғана біле аламыз деген ақпарат ұсынып отыр.
«2024 жылдың 13 қарашасындағы жағдай бойынша, итбалықтардан пастереллез, құс тұмауы, жыртқыш оба, сальмонеллез және листериоз сияқты аурулар табылған жоқ. Каспий жағалауында мониторинг жалғасып жатыр. Жалпы, Каспий теңізінде итбалықтар жаппай қырылған жағдайлар бұған дейін де болған. Мысалы, 2000 жылы қырылған 10 мыңға жуық итбалықтың созылмалы токсикоздан өлгені анықталған», - деп хабарлайды АШМ.