Тоқаев биылғы алғашқы шетелдік сапарын Тәжікстаннан бастады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның шақыруы бойынша екі күндік ресми сапармен Душанбеге барды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында жазды.
«Бұл – Қазақстан Президентінің биылғы алғашқы шетелдік сапары. Қазақстан Президентін Душанбе халықаралық әуежайында Тәжікстанның Президенті Эмомали Рахмон және басқа да ресми тұлғалар күтіп алды.
Ертең түске дейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон шағын және кеңейтілген форматта келіссөздер жүргізеді деп жоспарланған. Келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжатқа қол қойылмақ. Сондай-ақ Мемлекет басшылары БАҚ өкілдері үшін баспасөз мәслихатын өткізеді.
Бұдан бөлек сапар бағдарламасына сәйкес Қасым-Жомарт Тоқаев Исмоил Сомонидің ескерткішіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысады және Маджлиси намояндагон Маджлиси Оли төрағасымен және Тәжікстанның Премьер-Министрімен кездеседі»,-деп жазды, Берік Уәли.