Жуырда Сара Назарбаева қайтыс болғаны туралы жалған ақпарат тарады.
Сара Назарбаева. Фото: facebook.com/bobek.samopoznanie
ERNUR.KZ. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева "Сара Назарбаева қайтыс болды" деген қауесетке пікір білдірді, деп жазады tengrinews.kz.
Бүгін Ақорда дәлізінде журналистер министрден осы ақпаратқа пікір білдіруін сұрады.
"Менің ойымша, емделіп жатқан адамға тым қатыгездік таныттық. Шынымды айтсам, нақты білмеймін, өйткені бұл адамның, оның отбасының жеке өміріне қатысты. Тұңғыш президенттің отбасы екені түсінікті, бірақ өлім туралы ақпарат тарату - қатыгездік. Бұл ақпаратты баспасөз хатшысы жоққа шығарды және дұрыс жасады, өйткені әрқашан шынайы ақпаратқа сену керек", - деп жауап берді Аида Балаева.
Айта кетейік, жуырда Сара Назарбаева қайтыс болғаны туралы жалған ақпарат тарады.
Сара Назарбаева туралы не белгілі?
Сара Назарбаева 1941 жылы 12 ақпанда Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының Қызылжар ауылында дүниеге келген. Инженер-экономист мамандығы бойынша білім алған. Өз тегі - Қонақаева.
1962 жылы Сара Назарбаева Нұрсұлтан Назарбаевқа тұрмысқа шықты. Араға бір жыл салып Дариға есімді қызды дүниеге әкелді. Көп ұзамай Динара мен Әлия Назарбаева дүниеге келді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Сара Алпысқызы қоғамдық жұмыстарда белсенді болды. 1992 жылы "Бөбек" қорын ашты. Кейін "SOS Киндердорф" балалар ауылын ашқан.
"SOS Киндердорф" халықаралық қорының алтын медалімен, ЮНИСЕФ арнайы сыйлығымен, Шыңғыс Айтматов атындағы алтын медальмен және Қазақстанның бірінші дәрежелі "Достық" орденімен марапатталған. Сондай-ақ, бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының Ихсан Дограмачи атындағы халықаралық жүлдесі және "Құрманжан Датқа" мен Unity халықаралық жүлдесіне ие болған.
Еске салайық, бұған дейін де Сара Назарбаева қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Кейінірек тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Айдос Үкібай бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.