Біржолғы төлем «Қазақалтын» концернінің құрамына кіретін кәсіпорындардың 5 412 жұмысшысына тиесілі.
ERNUR.KZ. «Қазақалтын» компаниясы мен оның еншілес кәсіпорындарының қызметкерлері біржолғы материалдық көмек алады Концерн басшылығы ұзақ уақытқа созылған COVID-19 пандемиясына байланысты штаттағы жұмысшыларға 100 мың теңгеден бөлу туралы шешім қабылдады, деп жазады ҚазАқпарат.
«Қазақалтын ТМК» АҚ коронавирус пандемиясы кезінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне қатысты ел басшылығының бастамасын қолдады. Осы қиын-қыстау кезеңде отандық кәсіпорындардың жұмысшыларына материалдық қолдау көрсету қажеттілігін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен болатын.
Біржолғы төлем «Қазақалтын» концернінің құрамына кіретін кәсіпорындардың 5 412 жұмысшысына тиесілі. Бұл мақсатқа компания басшылығы шамамен 550 миллион теңге бөлді. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, мұндай материалдық көмекке салық салынуы тиіс, сондықтан қызметкерлер бюджетке міндетті төлемдерді шегеріп тастап, ақша алады. Қаржылай көмек кәсіпорындардың басшылық құрамына және келісім-шарт бойынша жұмыс істейтін қызметкерлерге тағайындалмайды.
Компанияның бұл бастамасы COVID-19 пандемиясы кезінде жұмысшылар ұжымын әлеуметтік тұрғыда қолдауға бағытталған іс-шаралардың жалғасы болып табылады. Елде төтенше жағдай жарияланған кезде «Қазақалтын» өз қызметкерлері мен олардың отбасыларын, сондай-ақ компанияның өндірістік базалары бар Ақсу, Бестөбе және Жолымбет ауылдарының тұрғындарын медициналық маскалармен және антисептикалық заттармен қамтамасыз етті. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады.