Қазақмыс қаза тапқан кеншілердің отбасына қандай көмек көрсетілетінін хабарлады

0
169

Таяуда жұмыспен қамту және тұрғын үй жағдайын жақсарту мәселелері талқыланады.


Қазақмыс қаза тапқан кеншілердің отбасына қандай көмек көрсетілетінін хабарлады

фото:Sputnik / Владимир Песня

ERNUR.KZ. "Қазақмыс" компаниясы Жомарт кенішінде қаза тапқан кеншілердің отбасына қандай көмек көрсетілетінін хабарлады, деп жазады sputnik.kz.

Компания мәйіттерді үйіне жеткізу шығынын өз мойнына алды. Жақын туыстарының өтініші бойынша үш кеншінің денесі Түркістан, Қарағанды облыстарына, қалғандары Жезқазған, Сәтбаев қалаларына жеткізілді.
Таяуда отбасы мүшелерімен кездесу ұйымдастырылып, жұмыспен қамту және тұрғын үй жағдайын жақсарту мәселелері талқыланады.
Сақтандыру шарттары бойынша қандай төлемдер қарастырылған
"KM Life" сақтандыру компаниясы қаза тапқан әр кеншінің асырауында бала болғанын ескеріп, олардың отбасына асыраушысынан айырылуына байланысты сақтандыру төлемін тағайындайды.
"Сақтандыру төлемінің мөлшері қайтқан адамның асырауындағы адамдардың санына және оның орташа айлық жалақысына байланысты болады. Бұл төлемдер балалар 18 жасқа толғанға дейін ай сайын төленеді, егер олар жоғары оқу орнының күндізгі бөлімінде оқыса, 23 жасқа дейін төленеді", - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ 14 жасқа дейінгі балаларға күтім жасайтын, жұмыс істемейтін аналарға да төлем тағайындалады.
Қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдарға төленетін сақтандыру төлемінің көлемі жыл сайын болжамды инфляция деңгейіне пара-пар мөлшерде ұлғайып отырады.
Бұдан бөлек қаза тапқан кеншілердің отбасы "KM Life" сақтандыру компаниясынан 100 АЕК мөлшерінде жерлеу рәсіміне арналған біржолғы төлем алуға құқылы.
Ұжымдық шарт аясындағы міндеттемелер
Ұжымдық шартқа сәйкес, қаза тапқандардың отбасына жерлеу рәсімін атқару үшін 550 АЕК немесе 2,2 млн теңге мөлшерінде біржолғы төлем аударылды. Алдағы уақытта оларға жылдық жалақының 10 еселенген мөлшері төленеді, оның сомасы 84 млн теңгеден 141 млн теңгеге дейін жетеді.
Сондай-ақ асыраушысынан айырылу жағдайына ай сайынғы төлемдер, балалардың оқу ақысын төлеу, сондай-ақ отбасы мүшелерінің өтініші бойынша басқа да көмек түрлері қарастырылған.
Сонымен қатар қаза тапқан кеншілердің банк алдындағы қарызы назарға алынуда. Қайтыс болғандар мен олардың жақын туыстарының барлық борышын нақтылау үшін ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне хат жіберілді.
Қазіргі кезде Bank RBK, Kaspi және Halyk Bank-те жалпы сомасы 47,5 млн теңгені құрайтын несие мен ипотека анықталды. Қарызды өтеу бойынша жұмыс жүргізілуде.
Қайғылы оқиғаға не себеп болды
Алғашқы нұсқада қайғылы оқиғаға тау жынысының опырылуы себеп болғаны айтылды. Алайда апаттан құтқару тобы опырылудың болмағанын анықтады.
Кеніштегі жұмыс тергеу аяқталғанға дейін тоқтатылды. Табиғи газдың жарылуына не себеп болғаны талданып жатыр. Компания Үкіметтік комиссиямен және тергеу органдарымен жұмыс істеуде және қолданыстағы қауіпсіздік стандарттарына түзету енгізуді жоспарлап отыр.
Компанияның мәліметінше кейінгі үш жылда Қазақмыс еңбек қауіпсіздігіне 87 млрд теңгеден астам инвестиция салған, ал 2025 жылға жоспарланған қаржыландыру көлемі 38 млрд теңгені құрайды.
Еске салайық, 17 ақпан күні Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында "Қазақмыс" корпорациясы" ЖШС-нің Жомарт кенішінде жеті жұмысшы көз жұмды.