Қазақстан алғаш рет Қытайдың ең ірі көрмесінде өз павильонын ашты

0
185

Бұл — сауда байланыстарын кеңейтуге, қазақстандық өнімдерді ілгерілетуге және іскерлік диалогты нығайтуға зор мүмкіндік


Қазақстан алғаш рет Қытайдың ең ірі көрмесінде өз павильонын ашты

фото: Сауда және интеграция министрлігі

ERNUR.KZ. Қазақстан алғаш рет Батыс Қытайдың ең ірі көрмесі - Western China International Fair (Сибо) аясында ұлттық павильонын ашты, деп жазады sputnik.kz.

Қазақстан павильоны заманауи әрі минималистік үлгіде безендірілген. Онда еліміздің көлік-логистика, қаржы, агроөнеркәсіп, экспорт секторы сынды экономиканың негізгі бағыттарымен танысуға болады. Павльонды сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев те аралап шықты. Одан кейін бірқатар келіссөздер жүргізді.

"Сибо – біз үшін жай ғана көрме емес, стратегиялық маңызы бар алаң. Бұл — сауда байланыстарын кеңейтуге, қазақстандық өнімдерді ілгерілетуге және іскерлік диалогты нығайтуға зор мүмкіндік", — дейді Шаққалиев.

Қазіргі кезде Қазақстаннан көрші елге бидай, арпа, бал, сүт өнімдері, ет және майлы дақылдарды қоса алғанда агроөнімдердің 29 түрін экспорттауға болады. Осы тізімді тағы 10 позицияға кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

"Экологиялық таза және жаңа өнімдерді жеткізуге ерекше көңіл бөлінеді. Соның ішінде салқындатылған ет, су биоресурстары, бие сүті, жұмыртқа және қытайлық тұтынушының сұранысына жауап беретін басқа да тауарлар бар", - делінген хабарламада.
Айта кетері, бүгінде Қытайдан Еуропаға жөнелтілетін жүктердің 80 проценттен астамы Қазақстан аумағы арқылы өтіп жатыр. Жақын арада жылдық өткізу қабілеті 50 млн тоннаға дейін жететін үшінші теміржол дәлізін іске қосу жоспарланып отыр.