Қазақстан алтыны көп ТОП-20 елдің қатарына кіреді

0
147

Елдегі аффинирленген алтын өндірісі 2 есе ұлғайған.


Қазақстан алтыны көп ТОП-20 елдің қатарына кіреді

Фото: Ustinka.kz

ERNUR.KZ. Мұндай тың мәліметті Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан айтты, деп жазады inbusiness.kz.

Сондай-ақ, соңғы 10 жылда елімізде алтын құрамды кен өндіру 2,2 есеге артқан. Бұл – өте жақсы нәтиже. Вице-министр бұл ақпаратты елордада өткен халықаралық тау-кен металлургия конгресінде айтты.

– Металдар – жай ғана тауар емес, олар экономикалық және саяси күштің құралы. Ғаламдық бәсекелестік күшейіп жатқан жағдайда Қазақстан тұрақтылықты, бейтараптықты және болжамдылықты сақтап келеді, – деді ол.

Иран Шарханның сөзіне сенсек, еліміз бірнеше металл түрі бойынша әлемдегі ірі өндірушілердің қатарында бар.

– Бүгінде Қазақстан – көптеген жыл бойы титан, мыс, алюминий, мырыш пен қорғасын, ферроқорытпалар, сондай-ақ бериллий, тантал және ниобий сияқты металдарды өндіру және жеткізу бойынша әлемдік нарықтағы негізгі ойыншылардың бірі. Соңғы 10 жылда алтын құрамды кен өндіру 2,2 есе артты, соған сәйкес аффинирленген алтын өндірісі 2 есе ұлғайды. Бұл Қазақстанның әлемдегі алтын қорына ие ТОП-20 елдің қатарына кіруіне мүмкіндік берді, – деп қоса кетті вице-министр