Қазақстан – азық-түлік бағасы ең қолжетімді 30 елдің қатарында

0
133

Зерттеу нәтижелері Numbeo платформасының деректеріне негізделген.


Қазақстан – азық-түлік бағасы ең қолжетімді 30 елдің қатарында

ERNUR.KZ. Қазақстан азық-түлік тауарларының қолжетімділігі жөніндегі халықаралық рейтингте 146 елдің ішінде 21-орынды иеленіп, өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай ілгеріледі. Былтыр ел 34-сатыда тұрған еді, деп жазады baq.kz.

Зерттеу нәтижелері Numbeo платформасының деректеріне негізделген. Бұл платформа түрлі елдердегі баға деңгейін базалық көрсеткіш ретінде алынған Нью-Йорк қаласымен салыстырады. 2025 жылғы маусым айындағы есеп бойынша, Қазақстандағы азық-түлік қолжетімділік индексі 27,8%-ды құрады. Бұл – елдегі азық-түлік бағасы Нью-Йоркпен салыстырғанда 72,2%-ға арзан дегенді білдіреді.

Қазақстан азық-түлік бағасының қолжетімділігі бойынша ЕАЭО елдері – Ресей мен Арменияны, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттерінің басым бөлігін басып озды. Ал Узбекистан, Қырғызстан және Беларусь Қазақстанмен бірге алғашқы отыздыққа енді. Зерттеу мәліметіне сай, Ресейде азық-түлік бағасы Қазақстанға қарағанда 22,3%-ға, Арменияда – 30,4%-ға, Тәжікстанда – 24,3%-ға жоғары. Тіпті көршілес елдердің ішінде баға деңгейі бойынша Қазақстанға тек Қырғызстан мен Өзбекстан жақындай алған. Бұл өз кезегінде еліміздің азық-түлік нарығындағы баға тұрақтылығын көрсетеді.

Рейтингтің екінші шетінде Еуропа мен Солтүстік Американың дамыған елдері, сондай-ақ арал мемлекеттер тұр. Ең қымбат азық-түлік бағасы тіркелген елдер қатарында Кайман аралдары, Швейцария және Исландия бар. Бұл елдерде азық-түлік себетінің құны Нью-Йорктен ондаған пайызға жоғары. Мысалы, Швейцарияда сиыр етінің килограмы шамамен 48,5 доллар, ал Қазақстанда – 6,9 доллар тұрады. Тауық еті, картоп және басқа да негізгі тағамдар бойынша да айырмашылық шамамен жеті есеге дейін жетеді.

Numbeo талдауы тек азық-түлік бағасын ғана емес, елдегі табыс деңгейін де ескереді. Қазақстанда орташа таза айлық жалақы 535,2 АҚШ долларын құрайды. Бұл көрсеткіш Еуропа елдерінен төмен болғанымен, Орталық Азия мемлекеттерімен салыстырғанда жоғары. Осы табыс деңгейінде қазақстандықтардың сатып алу қабілеті Нью-Йорк деңгейінің 54,9%-ына тең, яғни азық-түлік бағасы тек арзан емес, сонымен қатар халықтың көп бөлігі үшін нақты қолжетімді болып отыр.

Басқа елдермен салыстырғанда, Қазақстанда азық-түлік тауарлары әлем бойынша ең арзанның қатарында. Сонымен қатар, ет, көкөніс, жеміс-жидек және жарма сияқты жеті негізгі санаттың алтауында баға ең төмен елдер – Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь және Өзбекстан болып шыққан. Бұл Қазақстанға жаһандық инфляция мен нарықтағы баға өсіміне қарамастан, жоғары азық-түлік қолжетімділігі бар ел мәртебесін сақтауға мүмкіндік беріп отыр.