Қазақстан ғалымдары шахтадағы адамдарды табуға көмектесетін жүйе жасап жатыр

0
642

Ол көптеген графикалық процестерден (GPU) тұрады және терең нейрондық желілерді үйрету үшін арнайы жасалған.


ERNUR.KZ. Назарбаев Университетінің ғалымдары жасанды интеллект көмегімен шахтадан адам іздеу бағдарламасымен жұмыс істеуде, деп жазады ҚазАқпарат.

Шахтадан адамдарды тауып, кеншілерге қауіпсіз жұмыс ортасын қамтамасыз етуге Назарбаев Университетінің ақылды жүйе және жасанды интеллект институтының (ISSAI) жобасы мүмкіндік береді. Университет ғалымдары ірі қазақстандық тау-кен металлургия компаниясының мамандарымен бірлесіп жұмыс істейтін әзірлеменің басты бағыты – жерасты тау-кен жұмыстарына арналған Wi-Fi сигналдары негізінде оқшаулау және навигация.

Бүгінгі таңда ғалымдар нейрондық желілерді үйрету үшін аннотацияланған деректерді жинауда. Бұл үшін ISSAI командасы алаңды бағалау үшін Хромтаудағы «Донской» шахтасында және Ақтөбе ферроқорытпа зауытында болды. Деректер қолжетімді Wi-Fi нүктелерінен қабылданған сигнал күші түрінде, сондай-ақ IMU сенсорлары түрінде келеді. IMU -сенсорларының мысалдары – қадамдардың санын анықтайтын смартфондардағы қосымша қадам өлшегіштер.

«Мысалы, егер біз нейрондық желіні суреттегі мысық немесе ит екенін ажыратуды үйретсек, онда біз көптеген түрлі суреттерді көрсетеміз және иттің қайда, мысықтың қайда екенін үйретеміз. Осылайша нейрондық желі үйретіледі. Мұндағы жұмыс та дәл сондай, бірақ біз жерасты тау-кен жұмыстарына арналған Wi-Fi сигналдары негізінде оқшаулауды және навигацияны жасағанда, аннотацияланған деректер X-Y - Z координаттары бойынша орналасқан жерді білдіреді. Біз бағдарлама адамдарды үш өлшемді координаттар бойынша ажырататындай етіп жасаймыз», - деп түсіндірді ISSAI деректер талдаушысы Мұхамет Нұрпейісов.

Бұл болашақта жер астындағы кеншілердің орналасқан жерін табуға мүмкіндік береді және қауіпсіз жұмыс ортасын құруға көмектеседі. Осылайша, кеншілер өзімен бірге арнайы әзірленген бағдарламасы бар смартфонды алып, оны шахтаға түсер алдында іске қосуы қажет.

«Қандай да бір жерде Wi-Fi сигнал ұстайды дерлік. Біз оның көмегімен қажетті адамның қай жерде екенін анықтай аламыз. Бірақ содан кейін ол сигнал жоқ, басқа жерге барады. IMU сенсорларының көмегімен адамның сигнал ұсталған жерден қанша шақырым өткенін және қай бағытта жүргенін анықтай аласыз», - деп түсіндірді талдаушы.

ISSAI зерттеушілері осы әзірлемені жасау үшін нейрондық желілерді терең үйрету технологиясының модельдерін қолданады. Деректерді жинау аяқталғаннан кейін ғалымдар нейрондық модельдерді «жаттықтыра» бастайды. Осы мақсатта НУ-да орнатылған Nvidia DGX-2-де есептеу орталығы пайдаланылатын болады.

Ол көптеген графикалық процестерден (GPU) тұрады және терең нейрондық желілерді үйрету үшін арнайы жасалған.

Нейрондық желілер - бұл адамның жүйке жасушаларының желілері принципі бойынша жұмыс істейтін және адамның миына еліктейтін математикалық модельдер. Осылайша, ғалымдар модельді адамның орналасқан жерін анықтауға үйретеді. Нейрондық желілер сигналдар қабылдайды және кеншілердің орналасқан жерін анықтайды.