Қазақстан мен Ресей бірлесіп жаңа ұшақ шығармақ

0
478

Ұшақтың бағасы шетелдік бәсекелестерден 30-50%-ға төмен.


Қазақстан мен Ресей бірлесіп жаңа ұшақ шығармақ

ERNUR.KZ. Қазақстан мен Ресей «Байкал» көп мақсатты ұшақ жасау бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды орындау туралы келісімшартқа қол қойды, деп жазады ҚазАқпарат.

Келісімге қазақстандық авиация индустриясының бас директоры Данияр Амангильдин мен «Орал азаматтық авиация зауыты» АҚ Бас директоры Вадим Бадеха қол қойды. Іс-шара МАКС-2021 халықаралық авиациялық-ғарыш салоны алаңында өтті.

«Бұл келісімге қол қою – бірінші кезекте, Қазақстанның Ресеймен бірлесіп авиация саласын дамыту ниетін көрсететін қадам. Соңғы жылдарда республикамыз қол жеткізген технологиялық даму бізге осы жобаға өз үлесімізді қосуда белгілі бір рөлге ие болуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Д.Амангильлин.

Өз кезегінде В. Бадеха «Байкал» бұл орталық қалалардан алыс орналасқан жергілікті желілерде жұмыс істеуге арналған жаңа әмбебап аймақтық ұшақ екенін айтты.

Бұған дейін МАКС-2021 алаңында алғаш рет «Байкал» ЛМС-901 көп мақсатты жеңіл ұшағы таныстырылды. Турбобұрандалы ұшақтың крейсерлік жылдамдығы 300 км/сағ, ұшудың ең жоғары қашықтығы – 3000 км, топырақты жолақтардан ұшудың минималды қашықтығы – 220 м. Ұшақ кемінде 1500 км қашықтыққа екі тонна жүктемені жеткізуге қабілетті болады. Оның бағасы шетелдік бәсекелестерден 30-50%-ға төмен болады делінген.