Қазақстан мұнай өңдеу көлемін 39 млн тоннаға дейін ұлғайтады

0
77

Мұндай көрсеткішке мұнай өңдеу зауыттарын кеңейту және жаңа ірі мұнай өңдеу әрі мұнай-химия кешенін салу есебінен қол жетеді деп көзделіп отыр


Қазақстан мұнай өңдеу көлемін 39 млн тоннаға дейін ұлғайтады

фото: Пресс-служба АО "НК "КазМунайГаз"

ERNUR.KZ. Қазақстан мұнай өңдеудің жиынтық қуатын жылына 39 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр, деп жазады sputnik.kz.
Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан 30-шы KIOGE 2026 халықаралық көрмесі мен конференциясында мәлім болды.
Мұндай көрсеткішке мұнай өңдеу зауыттарын кеңейту және жаңа ірі мұнай өңдеу әрі мұнай-химия кешенін салу есебінен қол жетеді деп көзделіп отыр. Жаңа кешеннің жылдық қуаты 10 млн тоннаға дейін болады.
Энергетика министрлігі жобаны іске асыруды жеделдетіп, нысанды 2033 жылға дейін пайдалануға беруді жоспарлап отыр.
"Қазіргі уақытта алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, Ұлытау, Атырау, Маңғыстау және Түркістан облыстарындағы төрт ықтимал алаңға салыстырмалы талдау жүргізілуде. Өңірді түпкілікті таңдау осы жылдың соңына дейін жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр", - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар Қазақстан жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу кәсіпорындарының қуатын қазіргі 18 млн тоннадан жылына 29,2 млн тоннаға дейін арттырып жатыр.
Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын 2030 жылға қарай жылына 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. Павлодар мұнай-химия зауытын 2031 жылға қарай жылдық қуатын 5,5 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Атырау мұнай өңдеу зауытында мұнай өңдеу көлемі кезең-кезеңімен 2028 жылға қарай 5,5 млн тоннадан 6,7 млн тоннаға дейін арттырылады.