Қазақстан Орталық Азияда нәресте өлімі ең аз ел атанды

0
95

Алдағы уақытта 16 жаңа балалар ауруханасы мен перинаталдық орталық салу жоспарланған.


Қазақстан Орталық Азияда нәресте өлімі ең аз ел атанды

Фото: pkzsk.info

ERNUR.KZ. Қазақстан Орталық Азия елдері арасында жаңа туған нәрестелер өлімінің ең төмен көрсеткішіне қол жеткізді, деп жазады inbusiness.kz.

Қазіргі уақытта тірі туған әрбір 1000 нәрестеге шаққанда үш өлім жағдайы тіркеледі.

Сондай-ақ Қазақстан БҰҰ-ның балалар өлімін азайтуға қатысты Тұрақты даму мақсаттарын мерзімінен бұрын орындаған. Медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін елде 16 жаңа балалар ауруханасы мен перинаталдық орталық салу жоспарланып отыр.

Нәресте өлімінің төмендеуіне перинаталдық көмекті дамыту, заманауи технологияларды енгізу және ана мен балаға медициналық қызмет көрсету жүйесін жетілдіру ықпал еткен.

Қазіргі уақытта дене салмағы өте төмен болып туған нәрестелердің өмір сүру көрсеткіші 57%-ды құрайды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті арттыру, мамандандырылған көмекті дамыту және медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту көзделген.

Сонымен қатар туа біткен ауруларды ерте анықтау және жүктілік кезінде медициналық бақылауды қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр.

"Аналар саулығы" бағдарламасы аясында ұрықтың саулығын сақтау орталықтарының 22-сінде бір күндік клиникалар ашылып, диагностика мен құрсақішілік емдеудің заманауи әдістері енгізілген.

Нәтижесінде туа біткен даму кемістіктерін анықтау көрсеткіші 12%-ға артқан. Ал осы себептерге байланысты нәресте өлімі 15%-ға төмендеген.

Алдағы уақытта ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін дамыту, қауіп-қатерлерді ерте анықтау және еліміздің барлық өңірінде заманауи диагностика мен емдеу әдістерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады.