Қазақстан сыртқы жағдайларға сәтті бейімделіп үлгерді – президент

0
785

Былтыр Қазақстан шетелден 28 миллиард доллар инвестиция тартты. Бұл – рекордтық көрсеткіш.


Қазақстан сыртқы жағдайларға сәтті бейімделіп үлгерді – президент

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан сыртқы жағдайларға сәтті бейімделіп үлгергенін мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

"Жеткізу тізбегінің бұзылуы, инфляцияның өсуі және сауда-саттық шектеулер жаһандық экономиканың дамуына айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Осыған қарамастан, Қазақстан сыртқы жағдайларға сәтті бейімделіп үлгерді деп сенімді түрде айта аламыз. Төрт айда экономиканың нақты өсімі 5 пайызды құрады. Бұл бұған дейін болжанған орташа әлемдік көрсеткіштен үш есе көп. Экономикамыздың барлық негізгі секторында оң динамика байқалады", - деді Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында.

Айтуынша, былтыр Қазақстан шетелден 28 миллиард доллар инвестиция тартты. Бұл – рекордтық көрсеткіш.

"Бір айта кетерлік жайт, шетелдік инвесторлар шикізаттық емес секторға айрықша қызығушылық танытады. Халықаралық рейтинг агенттіктері де Қазақстанның инвестициялық әлеуетін растады", - деді мемлекет басшысы.
Президент бүкіл әлемде протекционизмнің белең алуына қарамастан, ашық нарықтық экономикасы бар ел ретінде Қазақстан өз позициясын нығайта түскенін атап өтті. Сыртқы сауда айналымы 32 пайызға өсіп,134 миллиард долларға жеткен.