​Қазақстан Түркиямен бірлесіп сериалдар түсіретін болды

0
547

Қазақстан Түркиямен бірлесіп сериалдар түсірмек. Ыстамбұлда өткен «Қорқыт ата» кинофестивалінің аясында екі елдің мәдениет министрі осындай келісімге келді.


​Қазақстан Түркиямен бірлесіп сериалдар түсіретін болды

Тұңғыш рет өткен байқауда бес мемлекеттің режиссерлері аламанға өз фильмдерін қосты, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Түркі елдерінің басын біріктірген кинофестиваль 2024 жылы Қазақстанда өтеді. Тілі бөлек болғанмен, түбі бір түркі халқымен тарихымыз тереңнен тамыр алады. Ұлтымызды ұйыстыратын, бірлігімізді бекемдейтін түркі әлеміне ортақ мәдениет те, әдебиет те бар. Ал оны көркем туындыға айналдырған кино майталмандарының басы биыл Ыстамбұлда өткен «Қорқыт ата» кинофестивалінде қосылды.

Халықаралық шараға Қырғызстан, Өзбекстан, Венгрия, Әзірбайжан және Қазақстаннан делегация келді. Айтулы шараның шымылдығын Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмі ашты. Кинотеатр залы көрерменге лық толы. Түркі жұрты Тұмар патшайым туралы туындыны зор ықыласпен қабылдады.

"Өзім үшін, «Томирис» киносының шығармашылық тобы үшін және жалпы Қазақстан киногерлері үшін, менің ойымша, «Томирис» киномыздың үлкен түрік елдерінің кинофестивалін «Қорқыт ата» фестивалін ашып жатқаны бізге үлкен мәртебе, үлкен қуаныш", - дейді режиссер Ақан Сатаев.

Жан-жақтан жарқ-жұрқ еткен камералардан актерлер қауымы жатырқап қалғандай. Пандемия басталғалы мұндай ауқымды шара өтпеді. «Қорқыт ата» фестивалінің мансұқ еткені – түркі елдерінің басын қосып сапалы кино түсіру.

"Кино туралы заңға өзгеріс енгізуіміз осындай фестивальдің өтуіне жол ашты. Бірлесіп жұмыс істеп, осы нарықта жетістікке жетеміз деген сенімдемін. Бауырлас елдермен осы бағытта еңбек ету фестивальдің негізгі мақсаты. Жұдырықтай жұмылсақ, халықаралық аренада ойып өз орнымызды аламыз", - дейді Түркияның Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Ерсой.

Бес елдің мәдениет министрі де осы байқаудың басы-қасынан табылды. Құр кино тамашалап қоймай, өзара меморандумға қол қойды. Қазақстан жақын арада Түркиямен бірлесіп сериал түсірмек.

"Қазақстандағы киногерлердің үлкен талпынысы бар. Және мемлекет жағынан біз қолдаймыз. Сондықтан алда да Түркия мемлекетінің ерекше бір насихатталып жүретін, ерекше бір жақсы қойылымдар, киносериалдар, өздеріңіз білесіздер осы киносериалдарды түсіруге бірге ат салысып, алда да жаңа жобаларды жасасуғ келісімге келдік", - дейді ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.

Байқауға Қазақстан тарапынан режиссер Рүстем Әбідрашевтің «Қазақ хандығы» фильмі ұсынылды. Жеті аталым бойынша жеңімпаз анықталған додада қырғыздар «Үздік сценарий», әзірбайжандар «Үздік фильм» номинациясын қанжығасына байласа, өкінішке қарай, бізге жүлде бұйырмады.

Бауырлас елдердің басын қосқан «Қорқыт ата» кинофестивалі келер жылы Түркияның тарихи шаһары Бурсада жалғасын табады. Ал 2024 жылы бұл шараның эстафетасын Қазақстан қабылдайды. Ұлт пен тілге бөлінбейтін кино әлемі үшін «Қорқыт ата» байқауы тыңнан түрен салары сөзсіз.