Қазақстан жасымық экспорты бойынша әлемдік нарықта алдыңғы қатарға шықты

0
182

2025 жылы Қазақстан 536 мың тонна бұршақ, жасымық және ноқат экспорттаған.


Қазақстан жасымық экспорты бойынша әлемдік нарықта алдыңғы қатарға шықты

Фото: shutterstock.com

ERNUR.KZ. Қазақстан әлемдік жасымық нарығында күтпеген серпіліс жасады. Бұрын тек астық экспорттаушы ретінде танылған ел енді Канада мен Аустралия сынды алыптармен бір қатарда аталып, небәрі бірнеше жыл ішінде жасымық экспорты көлемін 5 еседен астам арттырды, деп жазады stan.kz.

APK-Inform мәліметіне сәйкес, өткен жылы қазақстандық фермерлер 842 мың тонна жасымық, 222 мың тонна бұршақ және 22 мың тонна ноқат өндірген.

2025 жылы Қазақстан 536 мың тонна бұршақ, жасымық және ноқат экспорттаған. Көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда бес еседен астам көп. Экспорт көлемінің негізгі бөлігін 425,4 мың тонна жасымыққа тиесілі. Бір жыл бұрын көрсеткіш 235,1 мың тонна болған еді.

Сарапшылардың айтуынша, былтыр Қазақстан жасымықтың әлемдік нарығындағы алғашқы бестікке еніп, Канада, Аустралия, АҚШ және Ресей сияқты ірі жеткізушілермен бәсекеге түсе бастады. Бұл туралы агенттік ақпанда өтетін Қазақстандық астық және логистика форумы қарсаңында жарияланған мақаласында мәлімдеді. Қазақстандық жасымықтың ең ірі импорттаушысы – Түркия. Былтырдың өзінде ел Қазақстаннан 358,3 мың тонна жасымық сатып алған. Сондай-ақ қазақстандық өнімді Біріккен Араб Әмірліктері, Италия және Қырғызстан да импорттайды.

Russian Pulses Analytics компаниясының бас директоры Сергей Плужников Қазақстанның теңізге тікелей шығатын жолы жоқ екенін атап өтті. Алайда бұл логистикалық кемшілік Түркияға жүк көліктері арқылы тікелей жеткізу арқылы тиімді шешілген.

"Түрік зауыттары үшін өнімнің "есіктен есікке дейін" жеткізілуі өте ыңғайлы", – деді Сергей Плужников.

Сарапшының айтуынша, қазақстандық жасымықтың сапасы Ресей өнімдеріне ұқсас, ал Түркия бұл өнімге бұрыннан үйренген. Сонымен қатар, Қазақстан даласының климаттық жағдайы құрғақшылыққа төзімді дақылдарға қолайлы болғандықтан, фермерлер жасымықты бұршаққа қарағанда көбірек егеді. Қазақстанда қызыл, ұсақ жасыл және ірі жасыл жасымық түрлері өсіріледі. 2025 жылы көптеген өндіруші ұсақ жасыл жасымықты таңдаған, себебі оның бағасы ірі жасылмен шамалас болады деп болжанып, сапа тәуекелі төмен деп есептелген. Алайда, Плужниковтың айтуынша, бұл стратегия өзін ақтамаған.

Оның болжамынша, 2026 жылы Қазақстанда жасымық егіс көлемі қысқарып, жасыл сорттардан қызыл жасымыққа көшу байқалуы мүмкін. Ал ноқат егістігінің көлемі артуы ықтимал, себебі фермерлер табыс көп түсетін дақылдарды іздей бастайды. Сарапшы Қазақстандағы жасымық сапасы біртіндеп жақсарып, Солтүстік Қазақстан, Омбы немесе Саратов өңірлерінің өнімдері канадалық жасымық деңгейіне жетуі мүмкін деп есептейді. Ал олай болмаған жағдайда баға демпингі нарықты құлдыратып, фермерлерді басқа дақылдарға көшуге мәжбүр етуі мүмкін.

Плужников Қазақстанда жасымықтың түс сапасына қатысты мәселелер бар екенін де атап өтті. Оның пікірінше, болашақта компаниялар Sortex сияқты түсті сұрыптайтын технологиясы бар қайта өңдеу зауыттарына инвестиция сала бастайды.

"Мұндай жағдайда жасыл жасымық өндірісі жалғасуы мүмкін, себебі сапаны бақылауға болады. Ал қазір бәрі тек ауа райына тәуелді", – деді Сергей Плужников.

Сарапшы фермерлер мен трейдерлер бір команда ретінде жұмыс істейтін, ұзақ мерзімді әрі тұрақты бұршақ тектес дақылдары бизнесін қолдайтынын жеткізді.

"Әрине, бұл белгілі бір деңгейде утопия екенін де түсінемін", – деп түйіндеді сарапшы.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда кейбір шетелдік тауарлар дүкен сөрелерінен алып тасталатынын жазған едік. Мәліметтерге сенсек, Қазақстанда өндірілетін өнімнің өзіндік құнынан төмен бағамен сатылатын шетелдік тауарлар шектеу қойылмақ. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, мұндай жеткізілімдер демпингтік сипатқа ие және ішкі нарықтағы бәсекеге қабілеттілікке кері әсер етеді.