Қазақстан жолбарыстарды Орталық Азияға қайтара алады - Путин

0
725

​Қазақстан мен Ресей жолбарысты республика аумағына қайта көшіру туралы келісімге қол қойды.


Қазақстан жолбарыстарды Орталық Азияға қайтара алады - Путин

ERNUR.KZ. Қазақстан жолбарыстарды 2025 жылы Орталық Азияға қайтара алады. Ресей тәжірибе бөлісуге дайын, деп мәлімдеді Ресей президенті Владимир Путин. Владивостокта жолбарысты сақтау бойынша екінші халықаралық форум ашылды. Ол Путиннің бейнеүндеуінен басталды, деп жазады sputnik.kz.

"Біздің тәжірибеміз жолбарыстарды Орталық Азияға қайтарумен айналысқан қазақстандық серіктестердің бағдарламасында сұранысқа ие екені қуантады. Ресейлік сарапшылар алғашқы жолбарыстар 2025 жылы пайда болады деп болжам жасады. Бұл бастама өте маңызды", - деді Путин.
Форум 5-8 қыркүйекте Қиыр шығыс федералды университетінің аумағында өтеді. Іс-шараның бірінші күні Қазақстан мен Ресей республика аумағына жолбарысты көшіру туралы келісімге қол қойды. Олардың бір бөлігі Приморьеден әкелінуі мүмкін.
Еске сала кетсек, Қазақстан үкіметі бірнеше жыл бұрын ел аумағына жолбарысты қайта әкелу жоспарланып отырғанын жариялаған болатын. Жолбарыстар бір кездері осында мекендеген. Бірақ ХХ ғасырдың екінші жартысында толығымен жойылды. Қазір Қазақстан үкіметі мен Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) Каспий жолбарысының популяциясын қалпына келтірумен айналысып жатыр.
Жолбарысты Қазақстанға қайтару бағдарламасы ұзақ мерзімге жоспарланған. Жобаны Ресейдің WWF, сондай-ақ Қазақстандағы БҰҰ даму бағдарламасы қолдауымен Қазақстанның экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті іске асыруда.
Қазіргі уақытта мамандар жолбарыстарды жабайы табиғатқа шығаруға дайындық кезеңін өткізіп жатыр. Ол үшін 2018 жылы Қазақстанның ерекше қорғалатын табиғи аумақтарында Іле-Балқаш резерваты ашылды. Оның ауданы 415 мың гектардан асады. Іле-Балқаш резерваты қайта қалпына келтірілген жыртқыштар популяциясының мекеніне айналады.
Мамандардың зерттеулеріне сәйкес, Амур жолбарысы Каспий жолбарысына ұқсас екенін көрсетті. Сондықтан 2025 жылы Іле-Балқаш резерватына Қиыр Шығыстан жыртқыштар әкелу жоспарланып отыр.