Қазақстанда 4 апта қатарынан азық-түлік бағасының нөлдік өсімі тіркелді

0
659

«Айналым схемасын» қаржыландырудың нысаналы деңгейі ел бойынша 97,7%-ға қамтамасыз етілді.


Қазақстанда 4 апта қатарынан азық-түлік бағасының нөлдік өсімі тіркелді

ERNUR.KZ. Премьер-министр Асқар Мамин Үкіметтің Цифрлық кеңсесінде орталық мемлекеттік органдар басшыларының және өңірлер әкімдерінің қатысуымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын реттеу мәселесі жөнінде кеңес өткізді, деп жазады baq.kz

Қазіргі жағдай мен атқарылып жатқан жұмыс туралы сауда және интеграция вице-министрі Ержан Қалдыбаев, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов және т. б. баяндады. Өткен аптада Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының жалпы өсу индексі 0,0% құрады.

Қабылданған шаралар есебінен төртінші апта қатарынан пияз (-0,9%), тұз (-0,4%), күріш (-0,3%) бағасының төмендеуі байқалады. Сондай-ақ сиыр еті, рожки және ұн бағасының төмендеуі (-0,1%) тіркеледі. Қалған өнімдер бойынша бағалар тұрақты. «Айналым схемасын» қаржыландырудың нысаналы деңгейі ел бойынша 97,7%-ға қамтамасыз етілді.

«Айналым схемасы» бойынша тиімді жұмыс Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында байқалады. Қызылорда және Маңғыстау облыстарында жүргізіліп жатқан жұмыстардың деңгейі төмен болып қалып отыр. Өткен аптада Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда және Ақтөбе облыстарындағы құс еті мен қант нарығы субъектілерінің атына бағалық сөз байласу және үстем жағдайды теріс пайдалану белгілерінің болуы туралы 10 хабарлама жіберді.

Алматы, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарындағы өндірушілермен, көтерме жеткізушілермен және сауда желілерімен монополияға қарсы комплаенстің 6 актісі жасалды. Жалпы, республика бойынша монополияға қарсы комплаенстің 160 актісі жасалды.

Премьер-министр орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру және төмендету, сондай-ақ инфляцияның жалпы деңгейін 8,5% шегінде ұстап тұру бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды. Өңірлердің әкімдіктеріне бес айлық азық-түлік қорын қамтамасыз ету және бағаның қымбаттауына жол бермеу үшін уақытылы интервенция жүргізу тапсырылды. Үкімет басшысы баға белгілеудің барлық тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысын жандандыру қажеттігіне ерекше назар аударды.