Қазақстанда алдағы жылы үй бағасы қайта көтеріледі

0
738

Құрылыс компаниялары келер жылы үйдің бағасын қайта көтермекші.


Қазақстанда алдағы жылы үй бағасы қайта көтеріледі

фото ғаламтордан

Баспана бағасының өсуіне импорттық құрылыс материалдарының қымбаттауы, доллардың өсуі, жұмысшылардың айлығын көбейту сияқты факторлар әрі қарай әсер ете бермек. Яғни, онсызда күрт қымбаттаған тұрғын үй бағасы тоқтаусыз өспесе, түспейтін болып тұр. Жыл соңына дейін тағы 5%-ға, ал келесі жылдың наурызында жаңа үйлер 10-15 пайызға қымбаттайды, деп хабарлайды ERNUR.KZ 31 арнаға сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта 2 миллионнан астам қазақстандық баспанаға мұқтаж. Оның 1 миллион 700 мыңы Отбасы банкінің салымшылары. Ал 500 мың қазақстандық әкімдікте үй кезегінде тұр. Нарықта 11 миллион шаршы метр тұрғын үй, яғни 172 мың пәтер сатылымда. Осыдан қарап-ақ, сұраныстың жоғары екенін аңғаруға болады. Сұраныс келесі жылы да артып, баға тағы өсейін деп тұр.

“Қазір құрылыс заттары 90 пайызға қымбаттады. Ал тұрғын үйдің бағасы 30-40 пайызға көтерілді. Шаршы метрдің де бағасы бір уақытта, бір айда қымбаттамайды. Ол 5-6 айға созылады”, – дейді Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев.

Жаңа үйлердің бағасы аспандаса, қайталама нарықтағы жылжымайтын мүліктің де құны көтеріледі. Бұған, мемлекеттік бағдарламамен банктен мақұлдама алғандардың сұранысы әсер етуде. Сұранысты жаңа жылдан кейін зейнетақы қорындағы шекті сомадан асатын қаражатын азаматтардың Отбасы банкіндегі депозитіне аудара алуы да арттыра түспек. Айта кетейік, мұндай мүмкіндікті 190 мың жас отбасы пайдалануға әзір екен. Мемлекеттік бағдарлама деген аты болғанымен, үй таңдауға келгенде азаматтар жеке компанияның пәтерлерін алуға мәжбүр.

“Құрылыс компаниялары бірігіп, мемлекеттік бағдарламалар арқылы салынатын үйлерге, объектілерге, басқасы бар “біз бітіре алмай қалдық, өйткені құрылыс материалдары қымбаттады” деп қосымша 270 миллиард теңге сұрап отыр. Бұл жағдайды пайданалып кеткісі келіп тұрған кәсіпкерлер де бар. Көбірек ақша алып алайық, көбірек бөлінсін деген сияқты. Тым созуға да болмайды. Созатын болса нысандар сол күйі қалып қалуы мүмкін”, – дейді экономист Мақсат Халық.

Ал құрылыс нысандарын дер кезінде салып тапсыра алмай жатқан компаниялардың тағы бір мәселесі – маман тапшылығы. Қазір бұл салаға 242 мың жұмысшы жетіспейді. Соның салдарынан жыл сайын компаниялар 500 миллиард теңге жоғалтады екен. Мәселені шешу үшін Қазақстанның құрылысшылар одағы өзге елдерден жұмысшыларды көптеп алдыру қажет деген ұсынысты Еңбек министрлігіне жеткіздік дейді. Бірақ құптау жоқ. Өйткені елімізде ресми 451 мың адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Ал шығынға онсызда батқан компаниялар пәтер құнын ұстап тұрмайтыны түсінікті дейді сарапшылар.