Қазақстанда алғашқы геопарк пайда болды

0
108

Геопарк аумағына, атап айтқанда, Қостанай облысымен шекарадағы Ақжар таулары енген.


Қазақстанда алғашқы геопарк пайда болды

фото: 24.kz

ERNUR.KZ. Ұлытау облысында Қазақстандағы алғашқы геопарк ашылды. Қазір өңір басшылығы нысанды ЮНЕСКО-ның жаһандық геопарктер желісіне қосу үшін жол картасын әзірлеп жатыр, деп жазады tengrinews.kz.

Геопарк аумағына, атап айтқанда, Қостанай облысымен шекарадағы Ақжар таулары енген. Геологтардың айтуынша, бұл таулар 200 миллион жыл бұрын пайда болған.

Жобаның жетекшілерінің бірі Бақтияр Қожахметов ерекше мәртебеге ие болған нысандар туристерді бұрынғыдан да көбірек тартатынына сенімді.

"Гео" дегеніміз - Жер. Яғни геопарктер Жердің геологиялық тарихын ашу үшін жасалған. Мұндай орындардың ерекшелігі - оларда шектеулер жоқ. Туристерді тартуға және осы саланы дамытуға болады", - деді өлкетанушы.

Қазір геопарк қызметкерлері Жезді мұражайы жанында жұмыс істейді. Қазіргі уақытта ірі компаниялар мен кәсіпкерлер оның жұмысына демеушілік жасауға ұсыныстар білдіріп жатқаны айтылды.
"Паркты дамыту тұжырымдамасында тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау және туристік әлеуетті арттыру көзделген. Бұл кәсіпкерлерге жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асырып, қонақүйлер салып, демалыс орындарын ашуға мүмкіндік береді", - деді облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Данияр Арыңғазин.

Былтыр өңірге басқа облыстар мен шетелдерден 30 мыңнан астам турист келген. Мамандардың айтуынша, геопарктың ашылуы бұл көрсеткішті бірнеше есеге арттыруға мүмкіндік береді. Себебі туристік кластерге салынған инвестициялар былтырғымен салыстырғанда екі есеге артқан.