Қазақстанда азаматтарды есірткі қылмыстарын әшкерелеуге көмектескені үшін ынталандыру жоспарда бар

0
74

Қазақстанда дропперлікке жауапкершілік енгізіліп, бақылаудағы заттардың тізімі үнемі жаңартылып, толықтырылады.


Қазақстанда азаматтарды есірткі қылмыстарын әшкерелеуге көмектескені үшін ынталандыру жоспарда бар

ERNUR.KZ. Қазақстанда есірткі қылмысына қарсы күрес бойынша кешенді жұмыс жалғасып жатыр. Бұл туралы ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты.

Спикердің хабарлауынша, Қазақстанда дропперлікке жауапкершілік енгізіліп, бақылаудағы заттардың тізімі үнемі жаңартылып, толықтырылады. Бас прокуратура және Ұлттық банкпен бірлесіп қылмыстық активтердің мемлекет кірісіне айналу тетіктері, сондай-ақ есірткі қылмыстарын әшкерелеуге көмектесетін азаматтарды ынталандыру жүйесі пысықталуда.

«Біз ведомствоаралық үйлестіруді арттырамыз, алдын алу жөніндегі кеңестердің жұмысын сүйемелдейміз және прекурсорлардың айналымын бақылау қағидаларын әзірледік», – деп атап өтті Қуандық Әлжанов.

Парламент Мәжілісіне «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» заң жобасы енгізілді. ІІМ уәкілетті орган болып қалады, бұл ретте жауапты ведомстволар айқындалған:
- нашақорлықтың алдын алу үшін – Денсаулық сақтау министрлігі;
- жасөспірімдер мен жастарды тәрбиелеу үшін – Оқу-ағарту және Ғылым және жоғары білім министрліктері.

Есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленіп жатыр. Құжат жобасы ҚР Мемлекеттік кеңесшісі жанындағы Жастар саясаты кеңесінің алаңында талқыланды. Қ. Әлжановтың айтуынша, бұл есірткі тұтынушылар мен құқық бұзушылардың едәуір бөлігін жастар құрайтынына байланысты.

«Біз жастарды жоспарды әзірлеуге белсенді қатыстырдық және олардың шығармашылық тәсілдерін ескеруге тырыстық», – деп атап өтті ІІМ өкілі.

Сонымен қатар ведомство әкімдердің есірткіге қарсы жұмысы бойынша рейтинг әзірледі. Ол пилоттық жоба ретінде Шығыс Қазақстан облысында жүзеге асырылды. Алдағы уақытта жобаны ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, бүкіл ел бойынша масштабтау жоспарлануда. Халықаралық ынтымақтастық шеңберінде Қазақстан ТМД елдерімен өзара іс-қимылды күшейтеді.