Еліміздің бас санитар дәрігері Ерлан Қиясов халықты коронавирусқа қарсы Pfizer вакцинасымен егу бойынша әдістемелік ұсынымдарды бекіткен болатын.
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде қазақстандықтар ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой балаларды COVID-19 қарсы міндетті вакцинация туралы бұйрыққа қол қойғаны туралы хабарлама тарап жатыр. Бұл - жалған, деп хабарлайды ERNUR.KZ Stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті 12 жастан асқан барлық балаларды COVID-19-ға қарсы вакцинацияға міндеттейтін бұйрық туралы ақпаратты жоққа шығарды.
Ведомствоның ресми өкілі мұндай бұйрық жоқ екенін мәлімдеді.
– Қазіргі уақытта вакцинаның қажетті көлемін есептеу, суық тізбекті қамтамасыз ету жүргізілді (Pfizer вакцинасы үшін ультра төмен температуралық режимді сақтау қажет -минус 60 -90 градус Цельсий). Жасөспірімдерді егуге арналған вакцинаны алудың болжалды уақыты – биыл қарашаның екінші онкүндігінде. Аталған топтарға жататын тұлғаларды вакцинациялау олардың ақпараттандырылған ерікті келісімінен кейін, жасөспірімдерді – тек ата-аналардың немесе ресми өкілдердің келісімі бойынша ғана жүзеге асырылатынын атап өткеніміз жөн, – деп хабарлады Ержан Байтанаев.
Айта кетейік, еліміздің бас санитар дәрігері Ерлан Қиясов халықты коронавирусқа қарсы Pfizer вакцинасымен егу бойынша әдістемелік ұсынымдарды бекіткен болатын.
Бірінші кезеңде препарат 16-37 апта мерзіміндегі жүкті әйелдерге және 16-дан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге егіледі.