Диспансерлік есепте тұрғандардың саны қазірдің өзінде 180 мыңнан асып жығылады.
ERNUR.KZ. Былтыр елімізде 36 мыңнан астам адам қатерлі ісікке шалдыққан. Обырдан 14 мыңдай азамат көз жұмды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Диспансерлік есепте тұрғандардың саны қазірдің өзінде 180 мыңнан асып жығылады. Қауіптісі сол – кейінгі жылдары аты жаман аурудың жаңа түрлері пайда болған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше әлемде қатерлі ісік өршіп барады. Біздің елде әсіресе сүт безі, өкпе, асқазан, жатыр мойны, тоқ ішек және ми обырлары көп тараған.
- Салыстырмалы түрде айтқанда 2018 жылы 670-тей операция жасалған болса, 2019 жылы жасалған операция саны шамамен 685. Кей жылдары 20 операцияға өсіп отырады. Ол бір жағынан бас ми ісіктерінің диагностикасының өсуіне байланысты. Орта жасы бас ми ісігімен ауыратын науқастардың 45 жас, - дейді «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ бөлімінің меңгерушісі Нұржан Рыскелдие.
Обырға шалдыққан Ұлболсын Хасенова Атырау облысынан елордадағы нейрохирургиялық орталыққа жеткізіліпті. Операция жасалған. Кейіпкеріміз бастапқыда сырқаттанып жүре берген. «Қатерлі ісік пе» деген күмәні де болмапты.
- Ауырдым үйде. Басым қатты ауырдым. Қан қысымым көтеріліп кетті деп жедел жәрдем шақырттым, одан хондроз болар деп, сөйтіп-сөйтіп жүре бердім үйде. Одан қан қысымы да, хондроз да болмай, осындай ауру боп қалдым ғой енді. Сол әлсіреп, аяғымды баса алмай қалдым, - дейді Атырау облысының тұрғыны Ұлболсын Хасенова.
Дәрігер «Диагностикадан дер кезінде өткен дұрыс» айтады. Сонда қатерлік ісікті ерте анықтап, жоюға мүмкіндік мол. Қаперіңізде жүрсін, елде тегін онкоскринингтер жасалады. Адамдар обырдың үш түрі бойынша ақысыз тексерістен өте алады. Атап айтсақ, сүт безі обырынан 40 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер, тоқ ішек обырынан 50-ден 70 жас аралығындағы адамдар, сондай-ақ жатыр мойны обырынан 30-дан асқан азаматшалар емханаларда тексерістен өтуіне болады.