Қазақстанда бүйректің созылмалы ауруын емдеуге арналған инновациялық препараттың өндірісі іске қосылды

0
155

Созылмалы бүйрек ауруын емдеуге арналған препараттың жергілікті өндірісін іске қосу – Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін нығайту жолындағы стратегиялық маңызды қадам.


Қазақстанда бүйректің созылмалы ауруын емдеуге арналған инновациялық препараттың өндірісі іске қосылды

ERNUR.KZ. Қазақстанда Алматы қаласындағы «Нобел Алматы фармацевтикалық фабрикасы» АҚ базасында созылмалы бүйрек ауруын (СБА), созылмалы жүрек жеткіліксіздігін және 2 типтегі қант диабетін емдеуге арналған инновациялық препаратты жергілікті өндіру жолға қойылды, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.

«АстраЗенека» халықаралық компаниясының Қазақстанда инновациялық препараттарды жергіліктендіру бастамасын жоғары бағалаймыз. Компанияның жобасы саланың тұрақты дамуын, заманауи әрі тиімді дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыруды қамтамасыз етуге бағытталған денсаулық сақтау және өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын көрсетеді. Жергілікті өндірістің сәтті үлгісі ретінде «Форсига» атты түпнұсқа препараттың шығарыла бастауы – әлеуметтік мәні бар аурулар: 2 типті қант диабеті, жүрек жеткіліксіздігі және созылмалы бүйрек ауруларын емдеуге арналған маңызды қадам. Бұл маңызды қадам пациенттерді үздіксіз қажетті терапиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов.

Созылмалы бүйрек ауруын емдеуге арналған препараттың жергілікті өндірісін іске қосу – Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін нығайту жолындағы стратегиялық маңызды қадам. Қазіргі таңда бұл ауру еңбекке қабілеттіліктің төмендеуі мен пациенттердің өмір сапасының нашарлауына себеп болатын кең таралған себептердің бірі болып отыр. Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанда әрбір оныншы тұрғын – шамамен 2 миллион адам – СБА-мен ауырады және гемодиализге тәуелді болу қаупі жоғары. Дегенмен, ауруды ерте диагностикалау мен заманауи терапия оның дамуын тежеп, бүйрек жеткіліксіздігінің алдын алуға мүмкіндік береді.

«Бұл санаттағы препараттар 2018 жылдан бастап амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету жүйесіне енгізіліп, пациенттерге тегін беріле бастады. Қазіргі уақытта амбулаториялық ем қабылдайтын пациенттердің шамамен төрттен бірі осындай препараттарды пайдаланады. Қазақстанда осы топтағы үш препарат тіркелген, енді солардың бір молекуласы елімізде өндіріледі. Бұл қант диабетінің асқынуларымен күресте және тиімді ем жүргізуде қосымша мүмкіндік береді деп сенемін», – деді ҚР бас штаттан тыс эндокринологы, медицина ғылымдарының кандидаты Лаура Даньярова.

Бұл өндіріс Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған Қазақстанда дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың отандық өндіріс үлесін 50%-ға жеткізу жөніндегі ұлттық саясаттың шеңберінде іске асырылып отыр. «АстраЗенека» компаниясы бұл жобаға 5 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салды, ал 2030 жылға дейін инвестиция көлемі 40 млн долларға жетеді деп күтілуде.

«Қазір елімізде 15 мың пациент алмастырғыш терапияны қажет етеді. Бұл пациенттердің қатарында жастар да аз емес, ал терминалды сатыдағылардың 35-40%-ы жасанды бүйрек аппаратына тәуелді. Олардың басым бөлігі артериялық гипертензиямен және қант диабетімен ауырады. Енді біздің Қазақстанда кең көлемді зерттеулерден өткен, тиімділігі дәлелденген, сенімді әрі жергілікті өндірілген препаратты қолдануға мүмкіндік туды. Бұл біз үшін және біздің пациенттеріміз үшін маңызды қадам», – деп атап өтті ҚР бас штаттан тыс нефрологы, профессор, медицина ғылымдарының докторы Салтанат Туғанбекова.

Қазақстанда келісімшарттық өндірісті жергіліктендіру туралы шешім 2020–2025 жылдарға арналған фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту жөніндегі кешенді жоспардың аясында қабылданды. Бұл жоба Қазақстан, Ұлыбритания және Швеция арасындағы инвестициялық әріптестіктің жарқын мысалына айналды.

«Қазақстан біз үшін басымдыққа ие нарықтардың бірі болып табылады. Біз бұл елмен стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға зор мүмкіндік барын көріп отырмыз. Біз өндірісті жергіліктендіру, ғылыми прогреске жол ашу және фармацевтикалық саланы экономиканың ғылымға негізделген маңызды секторларының біріне айналдыру бағытындағы жұмысымызды жалғастырамыз», – деді «АстраЗенека» компаниясының халықаралық нарықтар бойынша «Биофарма» бағытының вице-президенті Нитин Капур.

«Нобел Алматы фармацевтикалық фабрикасы» 20 жылдан астам уақыт бойы Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде қызмет етіп келеді.

«Біз сапалы дәрі-дәрмектер шығарамыз, заманауи технологияларға инвестиция саламыз және жергілікті кадрларды дамытуға үлес қосамыз. «АстраЗенека» компаниясының бұл жергіліктендіру жобасы – халықаралық әріптестіктің пациенттерге нақты пайда әкелетін сәтті үлгісі. Инновациялық препараттардың Қазақстанда өндірілуі халықтың оларға қолжетімділігін арттырып, денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын нығайтады. Бұл бастама Президент Тоқаевтың фармацевтика саласында 50% жергілікті өндіріс үлесіне қол жеткізу туралы тапсырмасымен де үйлеседі. Біз осы мақсатқа жетуге өз үлесімізді қосып отырғанымызға мақтанамыз», – деді «Нобел Алматы фармацевтикалық фабрикасының» атқарушы директоры Ерен Ейги.