Үкімет басшысы келтірген мәлімет бойынша, денсаулық сақтау жүйесінде 254 мыңға жуық медициналық қызметкер жұмыс істейді.
ERNUR.KZ. Өткен жылдың желтоқсанында «Ақ жол» партиясы атынан бір топ мәжілісмен «Дәрігерлер мәртебесі туралы» заң қабылдау керектігін көтерген болатын. Депутаттардың бұл сауалына Асқар Мамин жауап берді, деп жазады ҚазАқпарат.
Үкімет басшысы келтірген мәлімет бойынша, денсаулық сақтау жүйесінде 254 мыңға жуық медициналық қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 74 мың дәрігер болса, 180 мыңы орта медициналық қызметкерлер.
«2020 жылдан бастап медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру көзделіп отыр. Медициналық қызмет көрсетуге арналған тарифтер ақысыз медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында артты. Бұл дәрігерлердің жалақысын орта есеппен 30%-ға және орта медициналық қызметкерлердің жалақысын 20%-ға көтеруге мүмкіндік берді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен медицина қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын өсіп, орташа жалақы деңгейі 2023 жылға дейін 2 есе артады. Пандемия кезінде Үкімет коронавирус инфекциясына, эпидемияға қарсы іс-шараларға араласқан денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлеріне үстемеақы төледі», - дейді жауабында Асқар Мамин.
Премьер-Министр медицина қызметкерлерінің қауіпсіз еңбек шарттарын қамтамасыз ету мақсатында қажетті шаралардың бәрі қабылданғанын хабарлайды. Медицина ұйымдарының бәрінде жеке қорғаныс құралдарының қоры жинақталған. Инфекциялық стационарлар мен алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарында санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қамтамасыз етілуде. Аймақтардың қажеттілігіне байланысты жас мамандарды бөлу жүйесі енгізілген.
«Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінде медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру, әлеуметтік қамсыздығын ретке келтіру, пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтірген жағдайда кәсіби жауапкершілігін сақтандыру бойынша нормалар қарастырылған. Жаңа нормаларға сәйкес, медицина қызметкерлері қызметтік міндеттерін орындау кезінде іссапар шығындарын, өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеуге, жергілікті бюджеттен әлеуметтік қолдау шараларын, қосымша жеңілдіктер мен ынталандыру төлемдерін алуға құқылы. Кодекс сонымен қатар мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың медицина қызметкерлерінің кәсіптік қызметіне араласуын шектеуді, медициналық қызметкерлерді өздерінің кәсіби міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға тыйым салуды қарастырады», - дейді Асқар Мамин.
Премьер-Министр сонымен қатар, ауылды елді мекендерде және ауылдарда, аудандық маңызы бар қалаларда жұмыс істейтін мемлекеттік медициналық ұйымдардың медициналық қызметкерлеріне жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша тұрғын үйді міндетті түрде беру, жәрдемақыларды міндетті түрде төлеу, коммуналдық шығындардың орнын толтыру үшін әлеуметтік қолдау көрсету шаралары қарастырылғанын мәлім етті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында медицина қызметкерлерін құқықтық және қаржылық қорғау жүйесін енгізу мәселелері пысықталуда. Осылайша, қазіргі уақытта медицина қызметкерлерінің материалдық қамтамасыз ету мен кәсіби қорғаудың негізгі мәселелері кодексте қарастырылған. Осыған байланысты «Медицина қызметкерінің мәртебесі туралы» жеке заң әзірлеудің қажеттігі жоқ деп санаймын», - деп түйді Асқар Мамин.